23.02.2022, 16:15
Оқылды: 55

Тазы жарыстырып, көкпар тартты

Кеше Қаратөбе ауданы Саралжын ауылдық округінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық ойындарымызды ұлықтау мақсатында аудандық көкпар тарту мен тазылар арасында шырға тарту жарысы өтті.

Көкпар (4)

«Ұлттық спорт – ұлттық рух» атауымен өткен жарыстың ашылу салтанатында Саралжын ауылдық округінің әкімі Самғат Зейнуллин мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин қазақ халқының қанына біткен ұлттық ойындарымыздың ерекшелігі мен оларды насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, жарысқа қатысушы көкпаршыларға салымдарының көп болуына сәттілік тіледі.

Көкпаршылар бәсекесін жіберіп алмауға тырысқан алыс-жақын елді мекендерден келген жұртшылықтың да қарасы көп болды.

Алдымен құмай тазылардың жарысына көз тіккен көрермен ұшқыр тазылардың шырға тарту сайысын қиқу сала тамашалады. Бұл жарыс жарау аттай бапталған бес тазының арасында өрбіді. Өзге тазылардан оқ бойы оза шауып, жемтігін ұстаған «Қанжар» атты қаратөбелік Азамат Исаның тазысы І орынды жеңіп алды. Жүйріктігімен көзге түскен Нұрхан Әнуарбектің «Құмай» атты тазысы мен Есқабыл Сафиннің «Лашын» атты тазысы ІІ, ІІІ орындарды өзара бөлісті.

Көкпар (3)

Көрермендер асыға күткен көкпар сайысы «Ақбақай», «Қандыөзек», «Бірлік», «Сұңқар», «Сәуле» командалары арасында өрбіді.

Көкпар ойыны – ер жігіттің күш-жігерін, төзімін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын талап ететін, баптаған сәйгүліктерінің де сынға түсетін нағыз дода түрі.

Ойын көрігін қыздырған көкпаршы жігіттер намысқа тырысып, әр ойында салымды молырақ салуға тырысып бақты. Шешуші ойында «Бірлік» командасынан айласын асырған «Қандыөзек» командасының тәжірибелі ойыншылары жарыс жеңімпаздары атанып 50 мың теңге қаржыға ие болды. ІІ орын алған «Бірлік» командасы 30 мың теңгемен марапатталса, ІІІ орынды «Ақбақай» және «Сәуле» тобы өзара бөлісіп, 20 мың теңгені қанағат тұтты. Аққозы ауылының жігіттерінен құралған «Сұңқар» тобы алғысхатпен марапатталды.

Ойын барысында салым салған жекелеген ойыншыларға ауыл азаматтары ақшалай демеушілік көрсетіп, ынталандырып отырды.

Айта кету керек, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараға саралжындық қожалық жетекшілері мен адам тасымалымен айналысатын көлік жүргізушілері қаржылай қолдау көрсетті.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале