22.12.2021, 16:45
Оқылды: 139

 «Театр – өміршең өнер»

Жуырда Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Театр – өміршең өнер» атты II республикалық аймақтық халықтық театрлар байқауы өтті.

Трактор пьессасы .Теректі ауданы халықтық ДАТ театры

Облысымызға қарасты аудандардың және Маңғыстау, Қызылорда өңірінің театр тарландары Тасқала төрінде өнер көрсетті. Өнер десе, соның ішінде театр десе ішкен асын жерге қоятын сахна саңлақтары екі күн бойы өз өнерлерін паш етіп, аудан халқын бір серпілтті. Сахна төріндегі өнерпаздарға әділ бағасын беретін қазылардың құрамы да осал болмады. Олардың құрамында Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген режиссері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік  сыйлығының иегері Сердеш Қажымұратов, аудандық мәслихат  хатшысы, кезінде Тасқала аудандық халықтық театрының негізін қалаушы  Жанар Бисенғалиева, Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының актеры, театр қайраткерлері одағы «Еңлікгүл» сыйлығының 2016 аталымының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Медғат Өмірәлиев, Батыс Қазақстан облысы халық шығармашылық орталығының директоры, республикалық О.Бөкеев атындағы көркемсөз оқу шебері байқауының жеңімпазы Мәулет Жұбатов төрелік етті. Өнерсүйер халықты мол қазыналарымен сусындатқан театр қойылымдарының айтар ойы, берер тәжірибесі де сахна төрінде байқалды. «Театр – өміршең өнер» деген атаумен ұйымдастырылған игі шараға жиналған көрерменнің қарасы қалың болды.

Тиісті бағасын берді

Әр қойылымнан кейін қазылар алқасы сараптама жасап, тиісті бағасын берді. Маңғыстау облыстық «Ақ жол жастары» театры «Қыршын»  драмасын сахналады. Қаза болған өрендердің тірі кезінде көрген қиындықтарын көрсетті. Әртістік таланттары да айтарлықтай жақсы деңгейде екендігін байқатты. Сахналық костюмдері де қойылымға сай келісті болды. Көрерменнің көңілінен шыққандығын қошеметінен байқадық. Теректі ауданы  халықтық «Дат» театры жерлесіміз Мұнайдар Балмолданың «Трактор» пьессасын сахналады. Аталмыш театр ұжымы жалпы қиын заманның өмірі мен қазақ жігітінің көк тракторы жайында сомдады. Қарапайым отбасы отағасының тапқан еңбегінің арқасында күн көріп, сол жігіттің жұмысына деген адалдығы, басшылардың арамдығы арқасында абақтыға кінәсіз отыруы болды. Қойылым соңына қарай ол бостандыққа шығып үйіне оралады. Тракторшы рөлін Әділет Орынбасар ойдағыдай сомдап шықты. Ақжайық ауданы халықтық театры Б.Мұқайдың «Сергелдең  болған серілерін» сахналады. Аталмыш қойылым қазіргі заманға сай комедия жанры бойынша өрбіді. Байқаудың бірінші күнінің соңғы қойылымы комедия болғаны таңнан бері тапжылмай отырған көрермен үшін орынды болды. Жиналған қауымды күлкіге бөлеп, халықты бір серпілтті. Қазталов  ауданы М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халықтық театры Е.Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» психологиялық драмасын қойды. Бұл жас отбасы балаларынан айрылған ата-ана және қазіргі қоғамның бір-біріне қатыгездігі хақында, басшылардың айтқанымен жүретін қуыршақтар секілді көріністі көрсетті. Қазылар алқасы қойылым туралы жылы лебіздерін білдірді. Қызылорда облысы Қазалы ауданы Р.Бағланова атындағы мәдениет үйі жанындағы халықтық театры Т.Ахтановтың «Ант» драмасын сахналады. Қойылымда қазақ тарихы жайлы көрініс тапты. Ата-бабамыздың ерліктері жайында сахналап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Бөрлі аудандық «Мұрагер» халықтық театры Ш.Айтмановтың «Адам мен арлан» саундрамасын сомдады. Жалпы бұл қойылымда адамдардың біреудің қателігі үшін біреу жауап беретіні көңілге қаяу түсіретіні анық. Соның салдарынан бұл көріністе де қасқырдың бөлтірігін алып кететін адам емес, оған қатысы бар адамның жауап бергені жайлы болды. Бұл көріністе өз деңгейінде көрсетілгендігін қазылар алқасы сараптама кезінде атап өтті. Бәйтерек  ауданы «Шың» сазды-драма театры Ә.Жанабиловтың «Құйын» экспериментальдық трагедиясын сахналады. Режиссері Әліби Жанабилов. Бұл театр ұжымы Тәуелсіздік жолында зардап шеккен жастар жайында қойды.

 

Қойылым тұтас өмірді елестетеді

«Театр – адамдарды табыстыратын шығармашылық отбасы» деп Шәкен Айманов айтқандай, қоғамның әр мүшесі актер ойнаған образдың сахналық жиынтығы. Тасқала халық театрына 15 жыл толуына орай мерейлі тойы құтты болсын! 2006 құрылған бұл театрға тек жақсылықтар тілеймін. Бұл ретте танымдық тұрғыдан көпшіліктің талғамына орай сахналық образды қалыптастыру режиссердің тікелей міндеті. Шым-шытырық оқиғалар, трагедия, лирика, комедия, тұтастай ағартушылық бағыт, музыкалық және опералық, тарихи, рухани, әдеби-драмалық шығармада, ең алдымен, өмір шындығы көрініс табуы керек. Міне, екі күн бойы еліміздің өзге аймақтарынан театр ұжымдары келіп өз өнерін паш етті. Жақсы бастамалар молынан болды. Жалпы Тасқала аудандық халық театрының негізін қалаған Жанар Бисенғалиева қарындасымызға рахметімізді айтамыз. Өнерге деген шын ниетінің арқасында бірнеше жақсы жетістіктерге жетіп отыр. Бұндай дүниелер – әр адамның қолынан келе бермейтін іс. Театр әлемінде тек өнерді жан дүниесімен түсінетін жан ғана осы жерде жетекші болғаны дұрыс. Сол кезде ғана биік белестерден көрінетіні хақ. Енді бұл байқауда барлығы бірдей десем артық айтқандық болар. Бес саусақ бірдей болмайды, әрине. Біреулері қойылымды сәтті алып шықса, енді бірінде қателіктердің кетіп жатқаны байқалады. Барлығыда кәсбіи әртіс болмағаннан кейін, оларға қатысты  қатты сын да айта алмаймыз. Біздікі тек жөн сілтеу. Жақсысын өздеріне айтып, кішкене болса да көңілдерін көтеру. Сол туралы пікірімізді білдіру. Біз сөзбен айтқанда, жақсыны жақсы деп, кемшілікті айтып, болашақта жақсы театр қалыптасуына жол салып беру. Бір түсінгенім, Тасқала халқының театр әлемін жаны сүйетіндері көрініп-ақ тұр. Көрерменнің қарасы қалың болды. Аудан әкімдігінің де халық театрына қолдауы ерекше екен. Тасқала халқына үлкен рахмет», – деді Х.Бөкеева атындағы  облыстық қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген режиссері, ҚР мемлекеттік  сыйлығының иегері Сердеш Қажымұратов. Шара барысында әсем әуендер шырқалып, мың бұралған бишілер шараның көркін қыздырды. Барлық театр режиссерларына аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетовтың атынан алғысхат табысталды. Тасқала аудандық мәслихат хатшысы Жанар Бисенғалиева көрерменге алғысын білдірді. Мерейлі мерекемен құттықтап, театр өнерінде жүрген жандарға сәттілік тіледі. Байқау соңында «Көрермен көзайымы» атты аталымын Сырым ауданы Бұлан ауылынан келген халықтық театрына 50000 теңге қаржылай жүлде берілді. «Үздік әйел адам» аталымын Бөрлі аудандық «Мұрагер» халықтық театры Албина Жолсарина (қаржылай жүлде  қоры 50000 теңге) алды. Оны Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының актеры, театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл» сыйлығының 2016 жылғы аталымының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Медғат Өмірәлиев марапаттады. «Үздік ер адам» рөлі аталымы мен 50000 теңге қаржылай қорын Қазталов ауданы М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халықтық театрының әртісі Нұрбек Мұханбетқалиев иеленді. «Үздік режиссер» аталымына Бөрлі аудандық «Мұрагер» халықтық  театрының әртісі Әсел Нағым ие болды. Байқаудың III орны және 100 мыңдық қаржылай жүлдесі Ақжайық ауданы халықтық театры мен Бәйтерек ауданы «Шың» сазды-драма театрына бұйырды. Ал II орын екі халықтық театрға берілді. Олар Маңғыстау облыстық «Ақ жол жастар» театры мен Қызылорда облысы Қазалы ауданы Р.Бағланова  атындағы мәдениет үйі жанындағы халықтық театры. Жүлде қоры әр театрға 150000 теңгеден қаржылай сыйлық берілді. Байқаудың бірінші орнына тиесілі жүлдені алу үшін сахна төріне Теректі ауданы  халықтық «Дат» театрының ұжымы көтерілді. Жүлде қоры - 200 мың теңге. Оны Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген режиссері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері Сердеш Қажымұратов табыстады. Бас жүлдені Қазталов ауданы М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халықтық театры (Бас жүлде 300000 теңге) жеңіп алды. Театр майталмандарының кәсіби қабілеттері қойылымнан жарқырай көрініп, көрерменнің көзайымына айналып, халыққа рухани ләззат сыйлап жүргендігі айқын. Қорыта айтқанда, театр – өмір айнасы. Байқауға қатысқан театр өнерпаздарының арасында мұғалімде, кітапханашы да, журналист те, әнші де, тіпті өзге салада қызмет жасайтындары да бар. Олардың басын киелі сахна тоғыстырып тұр. Бүгінгі байқаудан олардың бойынан талант пен ауызбіршілікті байқадық. Кішкентай ғана қойылымға жетекшілік етіп, әртістерді өзінің сөзі мен шеберлігіне сендіре білген режиссердің де еңбегі ұшан-теңіз. Жалпы бұл байқау тасқалалықтарға рухани азық сыйлағаны анық.

Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале