Казталов ауданы орталығында тегін ағылшын тілі курсы басталды.
Шет тілін меңгеруге арналған, аудан тұрғындарының тіл білу мүмкіндігін арттыруға бағытталған курс «Зерделі» оқу орталығында өткізіліп отыр. Ал тапсырыс беруші аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі. Курстың басты мақсаты мен жүргізілу барысы жөнінде аталған бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы Алмагүл Әлібаевамен сұхбаттастық.

-«Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1045 қаулысына сәйкес, мемлекеттік бағдарламаның міндеттерінің бірі – Қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын арттыру. Осыған сәйкес, 2025 жылға дейін ағылшын тілін меңгерген халықтың үлесін 30%-ға жеткізу көзделген. Ересек тұрғындарға арналған ағылшын курстарын ұйымдастыру 2018 жылы басталды. Курсқа жергілікті бюджет есебінен жыл сайын қаражат бөлінеді. Осымен 3-ші мәрте ұйымдастырылып отырған курспен биыл 30 адамды қамтып отырмыз. 2020 жылы эпидемиологиялық жағдайға байланысты аталған курс өтпеді. Биылғы курсты жергілікті «Зерделі» оқу орталығы 30 адамды 2 топқа бөліп, әрі оффлайн, жүргізіп отыр. Курсты педагог-сарапшы санатты, жоғары білімді маман Гүлбарам Лұқпанова өткізеді. Курс қыркүйек айының соңында аяқталып, арнайы сертификаттар табысталады, - деді.
Курсқа қатысушылар Ashyq қосымшасына тіркеліп, дене қызуы өлшеніп, антисептикалық құралды пайдаланады.
Асылбек Нәсіпқали
Казталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер