19.05.2023, 9:30
Оқылды: 51

Тектілік – жерден, өнер - елден

Батыс Қазақстанның бас сахнасы – «Атамекен» өнер ордасы теректілік өнерпаздардың шабытымен шалқыды.

2

БҚО мәдениет басқармасының қолдауымен  облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған  «Туған жерім - тұғырым» халық шығармашылығының облыстық фестивалі шеңберіндегі кеште әдемілік пен әсемдік, талант пен ауызбірлік салтанат құрды.

Ең алдымен, қолөнер мен тума туындыларын паш еткен теректіліктер шеруін Подстепное ауылының тұрғыны, этно-дизайнер Жәмилә Өтепқалиеваның  «АMANAT» топтамасы ашты.

бұлбұл

Ұлттық нақыштағы бұйымдар, көз тартар әшекейлерден бастап, тұмса қылқаламшылардың туындысына дейін қойылған көрме басында тек тамсанып-тамашалап қоймай, ұнаған дүниені сатып алғандар да болды. «Атамекеннің» көрермен залы лық толды.

Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев бастаған лауазымды тұлғалар, Теректінің құрметті ардагерлері, тамыры Теректіден шыққан оралдықтар... Әйтеуір, сыймағандары жоғарыдағы  қылтимаға кетті.

6

Үлгілі «Жұлдыз» би ансамблі «Шаттық» биімен ашқан концертті «Ақжелең»  фольклорлық ансамблі жалғастырып әкетті.

Сахнаға ұл мен қызын жетектей шыққан жас отбасы «Теректі – текті мекенім» тақырыбын кең ашып жеткізді.

Әрі қарай әнді - би, жырды – терме жалғастырған кеште теректілік ақын-композиторлардың туындылары орындалды.  Әнін Д.Жұмагалиев, сөзін Д.Мұштанова жазған  «Асыл мекенім», А.Дәулетқалиев пен  Ә.Орынбасаровтың  «Рәміздерім қадірлім»   әндері кеш тақырыбын аша түсті.

Көп ұлтты Теректінің бейнесін орыстың халық әні  «Деревня четыре двора» орындаған  «Теректиночка» вокалдық тобы мен бимен әр берген «Жұлдыз»  би ансамблі көрсетті.

домбыра

Үлгілі «Өркен»  балалар вокалдық  ансамблі, «Домбыра» дәстүрлі ән-терме үйірмесінің  тәрбиеленушілері Теректіде өнерлі ұрпақ өсіп келе жатқанын паш етті.

Жезтаңдай әнші ғана бағындыра алар «Бұлбұл» әнін салған жөспірім Айсезім Тлекқабылдың  шеберлігі мен сахналық бейнесіне тәнті болмаған адам қалмаған шығар.

Жерлестерін қолдауға келген танымал әнші Марат Сарбөпеев «Родная земля» әнін орындап, туған жерге ыстық көңілін жеткізді. Кеш бойы өнерпаздарға қошемет көрсетіп, қолдап отырған көрермендер ықыластарын гүл шоқтарымен білдіріп жатты.

Бір демде өткен кештің нүктесі «Теректі толқыны» әнімен түйінделді.

Батыс Қазақстан облысы әкімі текті Теректіге ілтипат білдіріп,  ықылас гүлін сыйлады. Сахнаға көтерілген Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова қошемет көрсеткен көрерменге алғыс айтты.

аким конец

21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлері күні  қарсаңында өнерін халыққа тарту еткен  өнерпаз жандарға ризашылығын білдірген Әлия Биғазықызы фестивальдің қорытынды кешінде өнер көрсетіп, сіздермен тағы да қауышайық деген тілегін жеткізді. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Теректінің туынды кешіне жоғары баға берді.

 

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале