23.06.2021, 17:27
Оқылды: 23

Телеоператор Дәурен

Күн жексенбі, яғни демалыс күні. Әркім демалыстағы шаруаларын реттеп, ағайын-тумаластарымен хабарласып, күнді сәтті өткізудің күйбең тірлігіне кіріскен. Бірақ иығына камера салынған қара сөмкені асынып алып, ертелете адымдай басып бара жатқан орта бойлы, ширақ қимылды жігітке мұндай демалыс күндері «бұйырып» көрмепті. Көзі қарақты, ақпаратқа жаны құмар оқырман негізгі әңгіменің «тұздығына» кейіпкер болғалы отырған мамандық иесінің жай-күйін де пайымдап отырған болуы керек. Олай болса, патша көңілді оқырманға баяндалғалы отырған кейіпкеріміз, есімі облыс асып, республикаға танылып үлгерген  аудандағы «дефицит» телеоператор, яғни демалыс күндері «бұйырып» көрмеген Дәурен Қажиахметов осындай санаттағы азамат.

A1B1DE33-3739-466F-A237-187ABCDD300F

Дәуренді қолы алтын, бесаспап шебер жігіт деуге әбден болады. Яғни ол электрмен дәнекерлеуші, тас қалаушы, сылаушылықты әп-әдемі атқарады. Домбыра, гитара шертетін өнері және бар. Ал күнделікті өмірге ынталы, талантына орай біткен қасиетіне байланысты тілі де, пайдалануы да күрделі кәсіп – телеоператорлық салада Дәурен 2013 жылдан тұрақты қызметте.

Телеоператорлық салада сегіз жылдай мінсіз қызмет атқарып жүрген Дәурен Махметұлы «Ақжайық» телеарнасындағы тәжірибелі әріптестері Асыланбек Ғұбашев, Лұқпан Елеу, Айгүл Логашкина, Рүстем Ищанов сықылды алдыңғы толқын өкілдеріне қарап, ойы мен сөзін түзеп отыратынын айтады.

24EAF02D-CF4B-47BA-8F49-1D49E7764D9B

–   Бүгінде «Ақжайық» телеарнасына дайындалған хабарды монтаждап, интернет желісі арқылы жіберу жағы, әрине, пайдалы. Тек үлкен қолбайлау, кедергі етерлік жағдай, интернеттің өте баяулығы жүйкені тоздыратыны рас. Сосын өзім камерамен түсірілімді түсірген сәтте қасымда журналистің болмауы да қызметіме қолбайлау болады. Түсірілім болған соң, қызықты да жүректі ауыртатын сәттер де кездесіп жатады. Шоқпардай галстук таққандардан гөрі камера  алдында сұхбат беріп, сөз сөйлеуде ауылдық жердегі ағайын әжептәуір белсенді. Ал іш пыстыратын кейбір жиындар, түрлі рейдте болу, сияқты оқиғаларды камераға түсіру үйреншікті жағдай,- дейді кейіпкеріміз әңгімесінде.

F6286CF5-6C16-4FA0-A5B4-E2915E56E2D7

Иә, сегіз жыл бойы иығына ауыр камерасын арқалап, ел кезе жүріп, түсірген Дәуреннің түсірілімдері архив қорында сақтаулы тұр.

Әсіресе, Дәурен Қажиахметов түсірген  аудан көлеміндегі тарихи-танымдық экспедициялар, Сырым, Алаш, Қадыр сияқты тұлғаларға арналған мәдени шаралар, табиғат тамашалары көріністері жазылған таспалар ауданға келген қонақтарға, жас буын өкілдеріне таптырмас құнды дүние болмақ.

Иә, БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай  кейіпкеріміз Дәурен Махметұлы жөнінде осылай сыр шерттік.

6B0EEB05-3BD6-4CD2-AD9E-B2C870018AE0

Айтқандайын, Дәуренді журналистер отбасынан шыққан, әке-ана дәстүрін жалғастырушы десек асыра айтқандық болмас. Яғни, отбасының діңгектері саналатын Махмет елге танымал журналист, ақын болса, анасы Ботагөз де – аудандық газетте қызмет атқарған ардагер.

Ал, Дәуреннің зайыбы Шынар – аудандық газетте көп жыл бойына қызмет атқаратын, оқырманға жақсы таныс журналист.

Дәурен мен Шынардың шаңырағындағы  ұлдары Замир 7- сынып оқушысы, өлең жазуға икемі бар жас ақын десек, Заңғар 6-сыныпта, тылсым күштің иесі, күресті жаны сүйеді.

Мүсірбек Айташов,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале