Ақсай шаһарының төрінде осымен екінші мәрте БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы, БҚО қазақ күресі ассоциациясы және Бөрлі ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Астана күніне орайластырылған қазақ күресінен ересектер арасында «Қазақстан Барысы» облыстық іріктеу жарысы ұйымдастырылды.
Іріктеу кезеңіне аудандар мен Орал қаласынан сайдың тасындай 14 балуан бақ сынап, "Жайықтың Барысы" атануға барын салды. Барыстар белдесуінің ашылу салтанатына қатысқан Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров құттықтау сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі. Кілең «сен тұр, мен атайын» балуандардың боз кілемдегі белдесуін тамашалаған жанкүйерлер "Жайықтың Барысына кім лайық" деп тағатсыздана күтті. Жеребе суырылып, Сағидолла ақсақал барыстарға батасын бергеннен кейін алғашқы белдесулер де басталды.
Бірінің бабы, бірінің бағы келісті, бірі жеңді, бірі жеңілді. 14 балуанның арасынан ақтық сынға сырымдық Мерей мен бөрлілік Темірлан шықты. Ақтық сындағы белдесуде бабы мен бағы қатар шапқан жерлесіміз Темірлан Көлбай қарсыласын тізе бүктіріп, «Жайық Барысы» атанды.
Екінші орын сырымдық балуан Мерей Бердіғалиға,үшінші орын жаңақалалық Ерасыл Ахметовке бұйырды. Жеңімпаз, жүлдегер атанған балуандарға арнайы белбеу, диплом, медаль және 1 орынға 200 000 теңге, 2 орынға 150 000 теңге, 3 орынға 100 000 теңгелік сертификаттар табыс етілді. «Жайық барысы» атанған балуандар Темірлан Көлбай мен ІІ орынды еншілеген Мерей Бердіғали республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде облыс намысын қорғайтын болады.
Темірланды жеңісімен барша жерлестері атынан құттықтаймыз!
Айта кетейік жарыстың өтуіне қолдау білдіріп, демеушілік танытқан жерлес кәсіпкерлер: «БатысМұнайСтрой» ЖШС, «ЖК Гадельшиев», «Наз-Тур» ЖШС, «ДокаСтройКом» ЖШС және КПО б.в. компаниясының кәсіподақ ұйымы.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz