Теректі ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық мәслихаттың V кезектен тыс сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудандық мәслихат депутаттарымен қатар Теректі ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаев, округ әкімдері және бөлім басшылары қатысты.
Теректі аудандық мәслихаты төрағасы Әлжан Нұрғалиев төрағалық еткен жиынның күн тәртібінде ауданда атқарылуы тиіс бірқатар мәселелер сөз болды.
Теректі жер қатынастары бөлімінің басшысы Сағадат Жолдығалиев жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған жоспарды бекіту туралы баяндады. Тұрғын үй көмегін алу жөнінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арайлым Тасенова, 2023-2025 жылдарға арналған аудан бюджетін бекіту туралы шешімге өзгерістер енгізу жөнінде экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлмира Бауыржанқызы баяндама жасады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолдаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Досанов елді мекендерді ауыз сумен, газ және жарықпен қамтамасыз ету бойынша жасалынып жатырған жұмыстар жөнінде мәлімет берді.
Аудан халқы үшін ең өзекті мәселенің бірі – ауыз су және су құбырының сапалы жұмысы. Әсіресе, су құбырлары жаңғыртуды қажет етеді. Ол жайында «Таза су» ЖШС директоры Сабырбек Мусин ақпарат берді. Ақжайық АЭЖ басшысы Талған Топалов, Теректі АЭЖ басшысы Ізімжан Нұрышев, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ БҚЗФ Теректі газ шаруашылығының маманы Асанәлі Ізбасаров өз қызметтері жайында айтты. Мәслихат Регламентін бекіту жөнінде мәслихат аппаратының басшысы Болат Кенжеғұлов баяндады.
Сессия жұмысында тыңдалған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешім қабылдады.
Жауһар Нұрым
Теректі ауданы