Расы керек, ауылдың төрт құбыласы тең, керегесі кең болуы үшін баспана, ауыз су, жол мәселелерінің шешілгені дұрыс.
Жол жолға қойылып, біртіндеп баспана беріліп, енді міне ауыз су құбыры ел игіліне пайдалануға берілген Долин ауылының тұрмысы көңіл көншітеді.
Бүгін аталмыш ауылдық округке қарасты Шөптікөл ауылында су құбыры іске қосылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың:
– Халықты таза ауыз сумен жабдықтау мәселесі Үкіметтің стратегиялық міндеті және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Әр әкімдіктің елдімекендерге тиісті инфрақұрылымдарды жеткізу бойынша нақты жоспары болуы керек, - деп, берген тапсырмасының жүзеге асып жатқаны ертеңге сенім ұялатады.
Осыған сәйкес "Ұлттық жоба" қуатты аймақтар – ел дамуының драйвері бағдарламасының шеңберінде қаражат бөлініп, халықтың еңсесі тіктеліп қалды.
Шөптікөлдіктердің қуанышын бөлісуге Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев аттанды.
Әлия Биғазықызы сарқыраған суды сарыла күткен тұрғындарды құттықтады. Сондай-ақ жауапты істі тиянақты мәресіне жеткізген "БатысГазСтрой" ЖШС-нің өкілі Жанболат Жасқайратұлына алғысын айтты.
Ауыл жұртшылығы атынан сөз алған Айболат Тасболатовтың жалынды құттықтауды, боранды күнде жылытқандай әсер қалдырды. Оның айтуынша, былтыр халық аудан басшысына ауыз судың түйткілін жеткізген. Ал биыл талап-тілек орындалды!
Су құбырын іске қосу рәсімі Әлия Мұханбетжанова мен шөптікөлдік Жұмабай Сәрсенбаевқа берілді. Айдын Серікқалидың орындаған әні рәсімнің шырайын кіргізе түсті.
Ауылда 70-ке жуық шаңырақ түтін түтетіп отыр. Бұған дейінгі мәселенің оң шешімін тапқаны оларға ғана емес бүтін аудан жұртшылығына серпін берері сөзсіз!
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы