21.04.2026, 19:00
Оқылды: 3

Теректі ауданында әдеби-сазды қойылым өтті

Теректі аудандық мәдениет үйінде «Махаббаттың аспаны» атты әдеби-сазды қойылым өтті.

670565801_18216565159316896_4544117305989986177_n

Сахналық туынды ақын Қадыр Мырза Әлі шығармалары негізінде көркемделіп, бүгінгі заман көрінісімен ұштастырылды.

Оқиға желісі саябақтағы аула сыпырушының әңгімесі арқылы өрбиді. Ол махаббаттың сан қыры бар екенін айта отырып, көрерменге ой тастайды.

671045569_18216565096316896_288379594017206135_n

Осы арқылы басты кейіпкерлердің махаббат жолы кезең-кезеңімен ашылды. Танысу, қарым-қатынастың дамуы, достардың ықпалы, алғашқы келіспеушілік пен қайта табысу сәттері шынайы бейнеленді.

Қойылымды тамашалауға арнайы келген Приречное ауылының тұрғындары Ақерке мен Аягөз өз әсерлерімен бөлісті:

– Керемет өтті. Тек қызық жеріне келгенде бітіп қалғандай болды. Бізге аз болып қалған сияқты. Әлі де көре бергің келеді. «Дат» театрының актерлері күшті ойнағаны соншалық, біз қойылымды емес, нағыз өмірді көргендей әсер алдық. Бекер келмедік, – дейді қос құрбы.

Туындының қоюшы режиссері – аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Қайрат Мұратұлы. Оның айтуынша, сценарийді жас мамандар Ақтілек Әлібекұлы, Альбина Мирамбай және Төребек Нығметов жазған.

671072536_18216565105316896_5848940211544947142_n

– Бұл қойылымда Қадыр Мырза Әлі атамыздың қанатты сөздері мен сөзіне жазылған әндер қолданылды. Былтыр Сырым ауданында өткен Қадыр Мырза Әлі байқауында осы туындымен жүлделі екінші орын алдық. Байқауға арналғандықтан, қойылым 20 минутқа ықшамдалып жасалды. Бүгінгі сахналық қойылымның дайындығына 2-3 ай уақыт кетті, – дейді режиссер.

671176199_18216565150316896_204218089118263745_n

Осылайша, қысқа форматта ұсынылған қойылым махаббаттың сан қырын көрсетіп, көрерменге ой салды.

 

Әдемі Талғатқызы,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале