26.04.2024, 0:00
Оқылды: 52

Теректі ауданында егін салу басталады 

Тасқын судың әлегі биылғы егістік жұмыстарына кері әсерін тигізері сөзсіз. Жыл сайын осындай кезеңде дән сеуіп жататын шаруашылықтардың кейбірі биыл әлі алқапқа шыққан жоқ. Егістігін су басып, зардап шеккендер де бар.

посев

Мәселен, Теректі ауданы Аңқаты ауылдық округында «Айсұлу» қожалығының 1000 гектар, Долин ауылдық округында «Қаз Ақ Бас» ЖШС 165 гектар күздік дақылдары қызыл су астында қалған. Теректі ауылдық округында «Жанғалиев» ШҚ 60 гектар күздік қарабидай алқабын, Шаған ауылдық округіндегі «Жайна» ЖШС картофель салатын жерін су басты. Қазір су кетті, дегенмен, күздік алқаптарда егін шықпайтыны анық.

Алдын ала жасалған жоспар бойынша биыл 142,93 мың гектар жерге егін салынбақшы. Соның 62,6 мың гектары дәнді дақылдарға (17,65 мың га - күздік, 44,95 мың га - жаздық) бөлінген. 25,14 мың гектарға майлы дақылдар – күнбағыс, сафлор, қыша, зығыр себіледі. 54,06 мың гектар жерге мал азығына қажетті дақылдар салынады. Оның ішінде алдыңғы жылдары салынған 45,5 мың гектар көп жылдық екпе шөп, 5,16 мың гектардағы бір жылдық екпе шөп, 0,6 мың гектар жерге салынатын жүгері бар. 1,18 мың гектарға картофель мен көкөністер салу көзделген.

Көктемгі далалық жұмысқа дайындық жөнінде Теректі ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сандуғаш Айтқалиева:

- Биыл көктемгі егіс салуға 103 шаруашылық шығады. Әзірге тырмалау жүріп жатыр. Себілетін тұқым қоры жасалған. Нақты айтсақ, 4995 тонна жаздық дәнді дақыл тұқымы дайын. 1015 тонн майлы дақыл, 332 тонна азықтық дақыл тұқымы себуге әзірленген. Бұл қор болжамды егістік алқабына қажетті тұқымнан екі еседей артық Далалық жұмыстарға 412 трактор, 201 қопсытқыш, 601 дән сепкіш және 15 егістік кешені қатысады деп отырмыз. Жеңілдікпен жанар-жағар май алу gosagro.kz субсидиялау жүйесі арқылы атқарылды, - дейді.

посев +

Табиғаттың биылғы тосын мінезі теректілік шаруалардың уақытымен егін салуына кедергі болғаны рас. Дегенмен, тәуекелді аймақта егін салып, тәжірибе жинақтаған дихандар бұдан да шығар жол табарына сенеміз.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале