11.05.2020, 11:26
Оқылды: 29

Теректі ауданында коронавируспен күрес шараларына 5 млн.623 мың теңге қаржы бөлінген

 Дүйім дүниені дүрліктірген дерт

554C8C45-8EAA-4B15-8A2F-839562EBB75E

Әмбеге аян, Covid-19 вирусы қазіргі таңда төрткүл дүниеге тарап, әлемді әбігерге салды. Өкінішке орай, оның ішінде біздің еліміз де бар. Бүгінгі уақытта Қазақстандағы коронавирус жағдайы туралы ресми ақпаратқа сүйенсек, жалпы 4753 (8 мамыр, 2020 жыл, сағ: 12:25-тегі эпидемиологиялық жағдай) науқас тіркелген. Ал Батыс Қазақстан облысында 217 адам аталмыш індеттің ілмегіне ілінген. Соның ішінде 72 адам жазылып шыққан. Әлемнің түкпір-түкпіріне тығылған аты жаман ауруға әр жер әл-қадірінше төтеп беріп жатыр.

 Теректінің теңгесі қайда?

5CACDFAD-357F-42AE-8935-318793363306

Қамданған қапы қалмайды. «Елге індет тарады» дегеннен соң теректіліктер де ауруды ауыздықтауға кірісіп, алдын алу шараларын жүргізді. Шекараны шегендеп, жер-жерге алты блокпост орнатты. Аудан тұрғындары да қол қусырып отырмады. Қолдарынан келгенше септігін тигізіп, «көптің көмегі – көл-көсір» болатынын ел басына күн туғанда дәлелдеді.

Алайда бес саусақ бірдей емес. Бірі жәрдемдесіп шауып жүрсе, бірі «індеттің алдын алуға Теректі әкімдігінен ақша бөлінді ме? Бөлінсе, біз неге үйден бетперде тігуіміз қажет» деп байбалам салып, Теректінің теңгесін есептеп жүрді.

Хош, сонымен, көмектесіп жүрген жандарға алғыс білдіре отырып, ал қаржының қайда ұшқанын есептегіш жандарға тіл қатуды жөн көрдік. Өйткені жергілікті биліктің ашықтығы деген бар. Жалпы, сөздің орайы келгенде айта кетейік, бұдан былай әр нәрсеге аудан тарапынан бөлінген қаржының қайда жұмсалып жатқандығын бағамдап отырғыңыз келсе, мемлекеттік сатып алу порталынан толық мәлімет алуға мүмкіндігіңіз мол.

      Ал енді Теректі ауданы бойынша айтатын болсақ, коронавируспен күрес шараларына  5 млн. 623 мың теңге қаржы бөлінген. Тінін тарқатсақ, медициналық бетпердеге 1 млн. 512 мың теңге, қолғапқа 252 мың теңге, арнайы киімге 232 мың теңге, антисептик құралдарына 450 мың теңге, дезинфекциялық хлорға 105 мың теңге қаржы қарастырылған. Сонымен қатар ыстық тамақ және блокпосттың жұмысын ұйымдастыруға да да қаржы бөлінген. Міне, барлығы осындай іске кеткен 5 млн.теңге көп пе, әлде аз ба, оны ой елегінен өткізіп, екшелеуді өзіңізге қалдырдық, оқырман!

Шыда, шыда, шыдай түс, шыда тағы

616129CC-5EF2-4299-BA24-D3E3221DF9F8

Еліміздің қатпары қалың тарихынан белгілі, біздің қазақ халқы қаншама қиындықтарды басынан өткерді. Осының бәріне төзімділік танытып, шыдас берді. «Адамның қорғаушысы – сабыр» деген бар.  Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев кезінде:

«Шыда, шыда, шыдай түс, шыда тағы,

Шыдамдыны мына өмір ұнатады.

Үміттің құлан иек, құла таңы,

Әйтеуір бір атады, бір атады» деп әр пендені шыдамдылыққа шақырып айтып кеткен.

Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш індеттің уақытша дүрбелең екенін тілге тиек етіп, халықты сабырлы болуға шақырып  үн қосты.

–Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді. Бұл қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз. Бұл –  уақытша дүрбелең. Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек. Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет. Еліміздің барлық азаматтары өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетеді деп сенемін. Осындай кезде бәріміз сабыр сақтап, тәртіпке бағынуымыз керек, – деді Президент. 

Күллі қазақстандықтардың тілегі бір. Ол – еліміздің тыныштығы, індеттің жойылуы. Тіпті, әлеуметтік желіде өзі видео түсірген кішкентай Таңнұрымның  «Біз қазақпыз! Вирусты жеңеміз! Құдай атадан тілейік!» деген сөзі адамның жүрегін жібітіп, көңілге демеу болғаны рас. Белгілі әнші Марат Омаровтың «Коронавирус кет, кет, кет» деп ән шырқағаны әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бірі Марат ағамыздың бұл әнін күлкіге айналдырса, бірі «алас әні» деп қолдап әкетті. Дұрыс. Қолдаса, қолдасын. Коронавирустің тезірек кеткенін, кім жақсы көрмейді дейсің?

  Самал Жамет,

Теректі ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале