29.02.2024, 23:16
Оқылды: 90

Теректі ауданында өткен жиында дайындық жұмысы пысықталды 

Теректі ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан басшысы Әлия Мұханбетжанованың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның отырысы өтті.

428687012_2548261612022384_7223336757706098102_n

Басқосуға ауылдық округ әкімдері, аудандық прокуратура және төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынның «шымылдығын» Теректі ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Нұрсұлтан Серіков ашты. Ол 2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы жөнінде баяндады.

- Су тасқыны кезеңін апатсыз өткізу және көктемгі су тасқынынан туындаған төтенше жағдайлардың қаупін азайту мақсатында 24 қаңтар мен 20 наурыз аралығында аудан аумағында айлық ұйымдастырылды. Аталмыш айлық барысында төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері №12 өрт сөндіру бөлімі және №25 өрт сөндіру бекеті ұжымымен бірлесіп, Теректі, Подстепный, Ақжайық ауылдарында ауыларалық шолу жүргізуде. Іс-шара аясында тұрғындарға су тасқыны кезіндегі әрекеттер жазылған жадынамалар таратылды. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың еріктілерін жұмылдырып, жалғызбасты қариялардың тұрғын үй аулаларынан қар шығару жұмыстары ұйымдастырылды. Айлық басталғалы бері барлығы 54 үй ауласы қардан тазартылды, - деп Нұрсұлтан Уәлиханұлы атқарылып жатқан жұмыстар жайын мәлім етті.

428679869_2548261662022379_8908980940293865819_n

Бөлім басшысы өз баяндамасында тасқын судың алдын алу үшін атқарылатын бірден-бір тиімді іс-шараның бірі – елді мекендерден алдын ала қар шығару жұмыстарын жүргізу екендігін және бұл жұмыстардың ауданымызда баяу жүріп жатқанын айтты. Оның айтуынша, Теректі және Подстепный ауылдарында ғана қар шығарылып жатқан көрінеді. Осы уақытқа дейін 11200 текше метр қар шығарылыпты.

Су тасқыны кезеңіне тыңғылықты дайындық жайын мәлімдеген бөлім басшысы қар суын соруға арналған құралдарды да атап өтті. №12 өрт сөндіру бөлімі қарамағында 3 мотопомпа (1 тіркемелі, 3 жылжымалы), №25 өрт сөндіру бекетінде 3 жылжымалы, ауылдық округ әкімдіктерінде 37 мотопомпа бар екен.

Күн тәртібіндегі осы мәселе бойынша Теректі ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы Абзал Хами, Подстепный ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Сұлтанов пен Теректі ауылдық округінің әкімі Армат Рспайұлы дайындықтары жөнінде мағлұмат берді.

428692386_2548261688689043_8455702866702276880_n

Теректі ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қайыржан Есетов гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі жайында баяндаса, аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Абзал Рухоллаұлы азаматтық қорғаныс шараларының ұйымдастырылу барысын ортаға салды.

Жиынға қатысушылар баяндамашыларға сұрақтарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті.

Шара соңында аудан басшысы Әлия Биғазықызы су тасқынының алдын алу бойынша дайындық жұмыстарын пысықтауды тапсырды.

Аягөз Айтқалиева, 

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале