Бүгін Теректі ауданында БҚО мәдениет басқармасының мұрындық болуымен, Теректі ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Марабай жырау Құлжабайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Жыр дүлдүлі – Марабай» атты аймақтық-республикалық жыршылар байқауы басталды.
Марабай жырау жырларын дәріптеуге келген дүлділдер ең алдымен жырау ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Гүл шоғын қою рәсімін жыршы Алмас Алматов пен термеші Қатимолла Бердіғалиев жүргізді.
Айта кетейік, осынау шараға жыраудың ұрпақтары, яғни немерелері Қарлығаш Тоғайбайқызы, Марат Қаршығаұлы, Ардақ Ғұсманқызы келді.
Өнер додасының шымылдығын Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұлов ашып, жыр майталмандарына жылы лебізін білдірді.
Теректі топырағында түлеген эпик жырауды дәріптеп, шығармашылығын насихаттау басты мақсат болып табылатын жыршылар байқауына Малика Алдамжарова (Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы), Марат Сүгірбай (Қызылорда облысы, Қазалы ауданы), Өмірхан Жетесов (Ақтөбе қаласы), Күнсұлу Түрікпен (Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы), Сәкен Жанғазиев (Орал қаласы), Еркебұлан Олжағали (Қаратөбе ауданы) сынды дүлдүлдер келді.
Қатысушылар жеребе арқылы сынға түсті. Алғаш болып сахна төріне қызылордалық Малика Алдамжарова шықты. Жыршыларға әділ бағасын беретін қазылар алқасының төрағасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, жыршы Алмас Алматов екенін айта кеткен жөн.
Ал қазылар алқасы құрамында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, ақын, әнші, термеші Қ.Бердіғалиев, «Мұрагер», «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, ғалым, доцент, эпик жыршы Б.Жүсіпов, ҚР айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория оқытушысы, өнертанушы Қ.Күнқожа, ақын, журналист, БҚО бойынша танымал жыршы термеші, республикалық жыршылар байқауының лауреаты Ф.Оразов болды.
Жыр додасы екі бөлімге арналған. Дәл қазір бірінші бөлім аяқталды, ал екінші бөлім түскі үзілістен соң жалғасын таппақ.
Балнұр Қуанышқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz