
Теректі ауданы, Подстепный ауылының «Ақсұңқар» өнер орталығының домбырашылар ансамблі Ташкент қаласында өткен халықаралық байқауда дара шеберлік танытып, бас жүлдені қанжығаларына байлады.
Қазақстаннан бөлек, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзірбайжан сияқты көрші мемлекеттердің өнерпаздарынан оза шапқан жерлестеріміз мәре төрінен бой көрсетті. Бұл байқауда ансамбль «Ер Тұран» шығармасын орындады.
Аталған тарихи жетістіктің артында қажырлы еңбек, табандылық және шынайы өнерге деген сүйіспеншілік жатыр. Ансамбль жетекшісі Айгерім Шайхиева шәкірттеріне тек кәсіби шеберлікті ғана емес, ұлттық рух пен өнерге деген құрметті де дарытып келеді. Бұл марапат - Ернұр Жеңісұлы мен Жеңіс Ғимыранұлы сынды ұстаздардың өлшеусіз еңбегі мен біліктілігінің дәлелі.
Қаламқас Саясатова