Бүгін Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов «Жайық Пресс» медиахолдингі ұжымы ұйымдастырған жас тілшілердің облыстық «Өрімтал» фестивалінде аудан намысын қорғаған шәкірттер мен олардың жетекшілерін қабылдады.
Аудан басшысы Әділ Тауфиқұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шарада үздіктер қатарынан табылған Ернұр Бейбітов, Айлен Ізімғалиева (Госплемстанция мектебінің 9-сынып оқушылары), Балнұр Себеп ( №1 Подстепный мектебінің 11-сынып оқушысы), ұстаздары Гүлжайна Ғилманова мен Гүлсайра Мұқановаға ризашылығын білдіріп, алғысхатпен марапаттады. -Облысымызда тұңғыш рет өткізілген «Өрімтал» фестиваліне қатысып, бақтарыңызды сынап, жүлдеге ие болғандарыңызды естіп, біз де қуандық. Аралас мектепте оқысаңыздар да, ана тіліміздің қадірін білу - үлкен ерлік. «Ғажайып өлке» тақырыбына керемет шығарма жазғансыздар. Біз сіздермен мақтанамыз. Талаптарыңыз талмасын. Биіктерден көріне беріңіздер. Бұл фестивальдің жарқын болашақтарыңызға жолдама екенін ұмытпаңыздар, - деді аудан әкімі. Қабылдауда «Теректі жаңалығы - Теректинская новь» газетінің директор-редакторы Нұрзия Сисенбаева мен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хусаинова сөз сөйлеп, жас жеткіншектерге шығармашылық табыс тіледі. «Өрімталдың» тұңғыш жүлдегерлері үш күнге созылған фестивальден алған әсерлерімен бөлісті.
Аягөз Айтқалиева,
Теректі ауданы
Zhaikpress.kz