Адамды адам қуанту үшін көп нәрсе қажет емес. Шынайы көңіл болса, болғаны. Әсіресе, уақытпен санаспай жұмыс істейтін журналист қауымының еңбегін елеп, арқаларынан қағып, жылы сөзбен марқайту олардың шабыттарына шабыт, қарқындарына қарқын қоса түседі.
«Мұны жергілікті билік тізгінін ұстағандар назарда ұстауы тиіс» деп, айтып үлгертпеген Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесіне орай «Жайық Пресс» медиахолдингіне аяқтай келіп, бас директор Дархан Оразовты, облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының міндетін уақытша атқарушы Нұртай Текебаевты, «Приуралье» газетінің бас редакторы Тоқтар Ғабдірешұлы бастаған ұжымды құттықтап, журналистерге құрмет көрсетті.
Ілтипат көрсеткен аудан басшысы Әлия Биғазықызы:
– Ақпараттық саясатты жүзеге асырып, халық пен биліктің арасында дәнекер болғандарыңыз үшін алғыс айтамыз. Елдің көкейіндегіні дөп басып, әр саладағы жаңалықтармен хабардар етіп жүргендеріңізді қашанда құрметке лайық іс деп білемін, - деді өз сөзінде.
Медиахолдингке арнайы барып, ізгі лебізін білдірген әкім санаулы.
Сол санаулылардың ішіндегі Әлия Мұханбетжанова БАҚ өкілдерімен тығыз байланыста екендігін һәм әрдайым қолдайтынын іспен көрсетті.
Ақтілек Әлібек
Теректі ауданы