14.05.2024, 22:00
Оқылды: 27

«Теректі барысы» мәресіне жетті

Бүгін Теректі аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде көптен күткен республикалық ересектер арасындағы «Қазақстан барысының» аудандық іріктеу кезеңі өтті.

FB_IMG_1715694863171

Елімізде он үшінші рет жүзеге асқалы отырған турнирдің іріктеу кезеңі бүгінгі таңда түкпір-түкпірде өтуде. Ал Теректі жар салған жарысқа ауданның барлық тәжірибелі спортшылары жиналды. Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай қатысушылардың мамандығы әрқилы болғанымен, бағзыдан мұра болған қазақ күресін ұлықтауда арман-тілектері бір жерден шықты.

FB_IMG_1715694852000

Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің бас маманы Медет Назаралиев, аудандық спорт клубының директоры Дастан Мырзағалиев, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Армат Ибраев қатысты. Қалаубек Баубекұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

FB_IMG_1715694841874

Өткен кезге көз жүгіртсек, кез келген батыр не жауынгерлер сол замандағы жыраулардың жырларын бойға сіңіріп, шабыттанған. Сол үрдісті бұзбай, аудан өнерпазы Кәмшат Қадырғалиева бозкілемде белдесуге әзір жандарға әннен шашу шашты. Оның үстіне Мемлекеттік Гимнді орындап, қызулары бойға дарыған қатысушылар өз деңгейлерін көрсетуге сақадай сай тұрды. Түсінгенге, бұл спорт түрі жай күресу ғана емес, тұтас тарихты тұғырда ұстау екені айқын. Олардың тарихқа салғырт қарамауы — өздеріне қойған лақап аттарынан байқалды. Жаужүрек батырлардың есімдерін көкке көтеріп және сол атқа лайық бола білді. Жамбас ұпайы, таза жеңіспен бір-бірін жыққан азаматтар барлық әдіс-тәсілді меңгерген.

InShot_20240514_213826488

Доданың нәтижесіне келер болсақ, жүлделі 3-орынды Долин ауылының намысын қорғаған Фарит Шәріпов місе тұтса, 2-орынды шағандық Руслан Дүйсенғалиев еншіледі. Ал Подстепный ауылының палуаны Қуанышбек Досқалиев жүлделі 1-орынды қанжығасына байлады. Елорда күнінің қарсаңында өтетін республикалық «Қазақстан барысының» іріктеу кезеңі енді облыс көлемінде өтпек.

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале