8.12.2021, 10:51
Оқылды: 125

Теректі – дарынды һәм жалынды жандардың мекені

Әмбеге аян, таяуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты республикалық жастар форумында үндеу жолдаған еді.

11

Тәуелсіздік – тәңірдің бүгінгі ұрпаққа берген баға жетпес үлкен сыйы екенін айтқан Тұңғыш Президентіміз «30 жыл – халқымыз үшін тарихи белес. Біз осы уақыт ішінде ата-бабамыздың асыл арманын орындап қана қоймай, оны баянды ете білдік. Қазақстанды әлем таныған, жаһан мойындаған іргелі мемлекетке айналдырдық. Бұл – барша халқымыздың ортақ жеңісі. Мен Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп жариялаған тұста елімнің келешегі жарқын, халқы бақуатты, жастары бақытты болсын деп армандадым. Өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, лайықты өмір сүруі жолында аянбай еңбек еттім. Бүгінде сол арманым орындалып отыр. Тәуелсіздік жылдары біз дамыған елдермен терезесі тең, бәсекеге қабілетті жаңа буын тәрбиеледік», – деді жастарға.

Теректі ауданына қарасты Сарыөмір ауылында 1999 жылы дүниеге келдім. Аталмыш  ауылдағы Х.Есенжанов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 2017 жылғы түлегімін. Орал шаһарындағы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан  университетін биыл ғана тәмәмдадым. Еңселі оқу ордасынан филолог мамандығын алып шықтым. Қазіргі таңда «AQJAIYQ» облыстық телеарнасының тілішісі қызметін атқарып жүрмін.

Шыны керек, Нұрсұлтан Әбішұлының стратегиялық саясатының арқасында еліміздегі өзекті мәселелер оң шешімін табуда. Мәселен, Елбасы тағайындаған «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша жас қазақстандықтар әлемнің үздік оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алды. Жыл сайын 1992 жылдан бастап жас таланттарды қолдау үшін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы беріледі. Ал 2000 жылдардан бастап жастар саясатын іске асыру жөніндегі қызмет қосымша қарқын алды. Осылайша, «Қазақстан жастары» мемлекеттік бағдарламасы, мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданды, «Жасыл ел», «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға», «Серпін» және басқа да бірқатар жобалар іске қосылды. Сонымен бірге 2010 жылы құрылған Ұлттық волонтерлер желісі, қандай ғажап еді!

Сондай-ақ 2019 жылды "Жастар жылы" деп жариялау жастар саясаты саласындағы маңызды оқиға болды, ол бұрын соңды болмаған қолдау жылы болып есте қалды. Жұмысқа орналастыру, тұрғын үй жағдайларын жақсарту, кәсіпкерлікке оқыту, ғылымға және бизнес-бастамаларға гранттар - бұл жас қазақстандықтарға мемлекет тарапынан көрсетілген зор көмек. Тізе берсек, көп-ақ.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы саясаттың сабақтастығын сақтай отырып, жастарды қолдайтын тың бастамаларды қолға алды. Осы орайда өзіміздей жас буынға үлкен сенім, әрі жауапкершілік жүктелді.

Тәуелсіздік сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз үшін асыл мұратқа айналды. Сол мұратқа қол жеткізген біздің ұрпаққа одан асқан байлық жоқ, оған теңдес тірек жоқ.

Теректі – дарынды һәм жалынды жандардың мекені. Мағжан ақын жырлаған «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты», тәуекелшіл жастар барда тәуелсіз елдің тасы өрге домалай бермек.

Әділет Есжан,

журналист

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале