ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов бастаған экономикалық реформа және өңірлерді дамыту комитетінің бір топ мүшесі «Теректі май комбинатында» болды.
Ақсуат ауылдық округінде орналасқан «Теректі май комбинаты» ЖШС 2008 жылы ашылған. Мұндағы жаңа технологиялар күнбағыс майын, сондай-ақ маргарин, майонез секілді май өнімдерін таза және иіссіз етіп дайындайды. Аталмыш кәсіпорынның басқарушы директоры Ильяс Шахаровтың айтуынша, мемлекет тарапынан қолдау болса, тәулігіне 160 тонна шикізаттан 50 тонна маргарин өнімі алынбақ. Май жасау цехында 30 адам жұмыспен қамтылған. Цех күнбағыс майын өндіруде Чехия Республикасының «Фармет», Словакия Республикасының «Отеза», Испанияның «Юбус» компанияларының құрылғыларын пайдаланады.
Парламент Мәжілісінің депутаттары Долин ауылдық округіндегі «Махорин» шаруа қожалығына барып, шаруашылықтың жай-жапсарымен танысты. 2004 жылы құрылған қожалықта бүгінде 1005 бас қазақтың ақбас тұқымды малы бар.
Аудан орталығы Дариянда шұжық, жартылай фабрикат өнімдерін және консерві дайындайтын цех жұмыс жасайды. 92 бас мал бордақылау алаңында тұр. Шаруа қожалығында 160-қа жуық жан еңбек етеді, - деді аталмыш қожалықтың жетекшісі Генадий Махорин депутаттармен емен-жарқын әңгімелесу барысында.
Гүлсезім БИЯШЕВА,
zhaikpress.kz