Теректі ауданында балаларды 1-сыныпқа қабылдау жұмыстары 1 сәуірден басталды. Бұл туралы Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хұсайынова мәлім етті. Оның айтуынша, қазіргі таңда әзірге 10 оқушы құжат тапсырған. Қабылдау уақыты 2022 жылдың 1 тамыз айына дейін жалғаспақ.
Еске сала кетейік, азаматтарға ыңғайлы болуы үшін балаларды мектепке қабылдау қызметі автоматтандырылған. Бұл жұмыс egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
«Біз азаматтарға көрсетілетін барлық қызметті автоматтандыруға баса назар аударамыз. ҰБТ, барлық деңгейдегі олимпиада электронды форматқа көшірілді. Мұның көптеген артықшылығы бар, ең бастысы — барлық процестің ашықтығы. Біз ашықтықты және азаматтарға қолайлы жағдай жасауды қолдаймыз. Құжаттарды қабылдаудың бірінші күнінің өзінде egov.kz порталы арқылы 10 мыңнан астам электронды өтініш келіп түсті. Мұндай сандар ҚР БҒМ-нің цифрлық мемлекеттік қызметтері азаматтар арасында танымал екендігін көрсетеді», — дейді Білім және ғылым вице-министрі Айбат Ілиясов.
Айта кетейік, 1-сыныпқа балаларды қабылдау ата-анасының немесе білім алушының заңды өкілінің жеке өтініші негізінде қабылданады. Сондай-ақ мынадай құжаттар қажет: баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі; 026/у-3 нысанындағы денсаулық жағдайы туралы құжат; 065/у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы құжат және оқушының өлшемі 3х4 болатын екі фотосуреті (оқуға қабылдаудың Үлгілік қағидаларында ҚР БҒМ 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығына сәйкес балаларды мектепке қабылдау тәртібі айқындалған).
Федоров ауылының тұрғыны Арайлым Тасенованың айтуынша, балаларды мектепке қабылдау қызметінің автоматтандырылған түрі өте ыңғайлы, тиімді екен.
- Ұлымыз Мұхаммед Байсеит Федоровка ЖОББМ-нің 1 сыныбына бармақ. Құжаттарды қабылдау жүріп жатқанын естігеннен соң, сәуірдің 5-і күні egov.kz веб-порталының қызметіне жүгініп, электронды цифрлық қолтаңба арқылы 1 сыныпқа қабылдауға өтініш бердім, — дейді ата-ана.
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz