Теректі аудандық мәдениет үйінде «Қош келдің, Жаңа жыл» дәстүрлі әкім шыршасы өтті. Оған аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан және мүгедектігі бар 100-ге тарта бүлдіршін қатысты.
Балалар шыршасына куә болған аудан әкімі Тілек Габдушев бүлдіршіндерге ақжарма тілегін жолдады.
— Биылғы Балалар жылы толағай табыстарға толы жыл болды. Болашақта оқуда озат болып, елге қызмет етіңіздер, — деді өз сөзінде.
Балғындарды арнайы құттықтай келген мультфильм кейіпкерлері — майнкрафт, қуыршақ Лол, аққала, тышқан, барыс мерекенің сәнін кіргізді. Әсем кештің «шырқын бұзған» зұлым ХаггиВаггиге қарсы тұрған балалар би билеп, ойындар ойнап көңіл көтерді. Таңғажайыпқа толы кештің кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар бүлдіршіндердің өлеңдерін тыңдады.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Максим Энгелов оқушылармен бірге шырша айналып, тәттілер мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz