Бүгін — елімізде атом электр станциясын салу бойынша республикалық референдум өтіп жатыр.
Ақсуат ауылдық округіне қарасты Әйтиев ауылындағы № 381 учаскесі таңертеңнен жұмысқа кірісіп кетті.
Ең бірінші болып дауыс берген Балғаным Сейітова мен Жұмазия Мұсағалиевалар референдумның еліміз үшін маңызды екенін тілге тиек қылды.
— Еліміздің өркендеуі үшін референдумға міндетті түрде қатысуымыз керек. Ол әрбір қазақстандықтың парызы.
Бұл шешімді Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен кеңінен талқылау қажеттігі туралы айтты. Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі үшін атом энергетикасын дамыту аса маңызды. Референдум — мемлекеттің ең маңызды мәселелерін халық болып шешудің басты тетігінің бірі. Сол арқылы әрбір әрекетімізді, атқарар істерімізді, еңсерер меже-міндеттерімізді өзара ақылдаса отырып, кемеліне келтіріп, жүйелі жүргізе аламыз. Мұндай референдум әрбір азаматқа өз ұстаным-пікірінің мемлекет үшін маңызды екенін түсінуге, өзін ортақ Отанымыздың бір бөлшегі ретінде сезінуге мүмкіндік береді.
Байырғы замандардағы хандарымыз іргелі істерде халықпен кеңес құрған, бұқарасының батасын алған. Бертінде қазақ көсемдері Мәңгілік ел құру жолында бас біріктіріп, бір тудың астына жиылып, Ұлытаудағы жақпар тастарға бірліктің бітімінің символындай төл таңбаларын қашап қалдырған. Қасым-Жомарт Кемелұлы жариялаған референдумда әрбір қазақстандықтың таңдауы – біріге, тұтаса келе, біртұтас елдің таңдауына айналады.
Әр қазақ халқымыздың ардақ тұтар адамдық, азаматтық қасиеттерін танытып, Президенттің реформаларын құптап, оны талқыға салуға қызу атсалысады, референдумға белсене қатысады деген сенімдемін, - дейді Ж. Мұсағалиева.
Алғаш болып дауыс берген сайлаушыларға сыйлық берілді.
Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша 20:00-ге дейін жалғасады.
Самал Жамет
Теректі ауданы