Теректі ауданында көптеген отбасылар үшін ең үшкір баспана мәселесін шешу шаралары жүйелі жүргізілуде.
Өткен жылы аудан бойынша 20 552 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Алдыңғы жылдардағы көрсеткіштермен салыстырсақ, едәуір қарқын бары анық байқалады. Мысалы, 2018 жылы ауданда 17 011 ш.м, 2019 жылы 20 322 ш.м тұрғын үй қолданысқа берілген. Оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қолданысқа берілген жалдамалы пәтерлердің жалпы ауданы 2018 жылы - 1383 ш.м., 2019 жылы - 5701 ш.м. Әсіресе 2019 жылы Федоровка ауылында 36 пәтерлік, Ақжайық ауылында 24 пәтерлік жалдамалы екі үй іске қосылғанда, жылдап үй кезегін күткен 60 отбасы баспаналы болды.
Былтыр жалдамалы баспана салу тоқталып қалды. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстар үзілген жоқ екен. Теректі ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі берген ресми мәліметке сүйенсек, ауылдық елді мекендерде 3 қабатты көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы бойынша 8 жобаға жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы алынған. Федоровка ауылында 3 үй, Подстепное және Жаңа Өмірде екі үйден, Ақжайықта бір үй салынады деген жоба бар. 8 үйдің жоба бойынша жалпы сомасы - 2 422 млн. теңге.
Сол жобалардың алтауы алдын ала қолдау тапқан. Яғни ол үйлер 2021-2022 жылдары салынады деп, құрылысына 885 025,0 млн. теңге қаражат бөлінген. Жаңа Өмір, Федоров, Ақжайық, Подстепное ауылдарында 3 қабатты үйлер салуға дайындық жүргізіліп жатыр. Жалпы, 2022 жылы көлемі 7543,68 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Ендеше, Теректіде баспана салу қарқын алар кез келді. Ал үй кезегін күткендер үшін «қоныс тайлар» күн де алыс емес.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz