Теректі ауданына қарасты Ақсуат ауылында ат спортын дамытатын, ұлттық ойындарды жас ұрпаққа насихаттайтын арнайы кешен ашылмақшы. Ол жөнінде Ақсуат ауылдық округі әкімі Жаннұр Ахметов мәлімдеді. Аудан басшысының округке жұмыс сапары кезінде Жаннұр Бекбауұлы қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізді.
Аталмыш жобаны қолға алған ауыл азаматы, «Кубаев» шаруа қожалығы жетекшісі Сержан Таңқашұлы ұлттық спортты дамытуды, соның ішінде көкпар ойынының аудандағы әлеуетін жоғарлатуды көздейді. Бүгінгі таңда атқа арналған орынның құрылысы біткен. Енді кешен аумағын қоршап, көкпаршыларды дайындайтын жаттықтырушыға және ат спортымен айналысатын балаларға, сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі балғындардың арнайы жаттығуына лайықталған орындарды жабдықтау жоспарларында бар. Әзірге кешенде көкпарға арналған сегіз ат бар. Болашақта Теректі ауданы көкпаршыларының бас қосатын орны осы Ақсуатта болмақ.
Кешеннің ашылуы қазан айына жоспарланған. Ашылу салтанатына орай Ақсуатта көкпардан облыстық дода ұйымдастырылмақшы.
Аудан әкімі Тілек Габдушев ұлттық спортты аудан көлемінде дамытуды қолға алған азаматтармен тілдесіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Әділет Әлібекұлы
Теректі ауданы
zhaikpress.kz