Биыл тұңғыш рет Теректі ауданында «Имани жаз - 2023» жазғы сауат ашу лагері өтті.
«Бірлік» қоғамдық бірлестігі мен Теректі аудандық мешіті ұйымдастырған жазғы лагерьге Теректі және Долин ауылдарының бүлдіршіндері қатысты.
Балалар он күннің ішінде кәлимаға тілдерін келтіріп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айту мен араб әріптерін үйренді. Жоғары сыныпта оқитын қыздар арабша жазылған сөздерді анық оқитын дәрежеге жеткен. Лагерьге қатысушылар ұлттық ойындардан садақ пен асық атуды меңгеріп, Құранның қысқа сүрелерін де жаттаған көрінеді.
- Жазғы сауат ашу лагерін жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыру жоспарымызда бар. Биыл алғаш рет өткізіп жатқан соң, лагерьге қатысатын балалар өте аз болатын шығар деп ойлаған едік. Дегенмен, хабарландыруымызды көрген ата-аналардың қызығушылығы көңілімізді жайландырды. Лагерьде Теректі аудандық мешітінің ұстаздары - Амантай Бақтығали мен Анаргүл Демеутова дәріс берді. Бүлдіршіндерге сабақ қиын болмауы үшін ұлттық ойындарды ойнатып, «Құрандағы қызықты оқиғалар» атты мультфильм көрсеттік, - дейді «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Аягөз Айтқалиева.
Лагерь аяқталған соң, өткен тақырыптарды оқушылардың қаншалықты меңгергенін анықтау мақсатында білім сайысы өтті.
Шәкірттер «Пайғамбарымызды танисың ба?» (сұрақтарға жауап беру), «Кім білгір?» (жасырылған әріпті табу), «Кім жылдам?» (араб әліпбиін толық 1 минут ішінде жазу) кезеңдерінде білімдерін сынап, асық пен садақ атудан ептіліктерін байқатты.
Жеңімпаздар «Бірлік» қоғамдық бірлестігі атынан диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жауһар Нұрым,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz