Бұлбұлсыз орманның, армансыз адамның, баласыз әлемнің мәні мен мағынасы қалмайтындай. Бала өмірдің нұры, жүректің үні, ғаламның жыры екенін бір мезетте естен шығармаймыз. Жаз мезгілінің алғашқы күні де балақайларға арналады. Жаздай шуақты, жаздай шаттыққа толы олардың күні халықаралық деңгейде тойланады.
Теректі аудандық мәдениет үйінде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Әлем баламен бақытты» мерекелік концерті өтті. Мәдени-демалыс орталығы ұйымдастырған кештің безендірілуін, мереке иелерін тың идеямен қызықтырғанын келген жан жоққа шығара алмас. Балаларға арналған көңілді іс-шараны Микки Маус пен Минни Маус болып сахна төріне шыққан Данияр Балқасимов пен Виктория Нұралиева тізгіндеді.
Мерекемен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров аудан бүлдіршіндеріне ізгі тілегін білдірді. Әрмен қарай «Дат» театры жанындағы балалар драма үйірмесінің оқушылары кішкентайлардың сүйіктісіне айналған мультфильм кейіпкерлерін сомдап, залдағы көрермендермен бірге би билеп, ән шырқады. Жоғары нотада басталған мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Көздің жауын алар сахналық киімдерін, мығым дайындықтарын байқап, ауданымызда өнерлі жастардың өсіп келе жатқанын аңғардық. Үлгілі «Жұлдыз» би ансамблінің һәм «Өркен» балалар вокалдық ансамблінің орта, кіші топтары, аудан жұртшылығына танымал болып үлгерген, облыстық, республикалық байқаулардан жүлделі оралатын Сұлтан мен Бейбарыс және ағалардың жолын қуған қарындасы Томирис Ғарифоллаева, «Ақ желкен» балабақшасының құлыншақтары өнер көрсетті. Сондай-ақ мерекелік іс-шарада жаңалық болып, теректіліктерді дүр сілкінткен бүлдіршін Нарлан Нұралиев болашақ қазақ эстрадасының жұлдызы болуға лайықты.
Әуезді ән, мың бұралған би балалардың көңілін көтеретін қызықты ойындарға ұласып, жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан түрлі сыйлықтар берілді және аудандық жастарды жұмыспен қамту жөніндегі ресурстық орталықтың ұжымы мәз-мейрам болған балаларға балмұздақ үлестірді.
Іс-шара басталмас бұрын балалар шығармашылық үйінің ұйымдастыруымен асфальтқа сурет салу байқауы өтіп, соңында жеңімпаздарды марапаттады. Мәдениет үйінің кіреберсінде тәттілер мен ойыншықтардың саудасы қызып, ата-аналар бүлдіршіндердің таңдағанын сатып алып жатты. Сырттай қараған біз әлемнің баламен ғана бақытты екендігін сезіндік.
Ақтілек Орынбасар,
Теректі ауданы