4.05.2024, 0:00
Оқылды: 113

Теректіде қоғам қайраткерінің атына арнайы көше беріліп, ескерткіш тақта орнатылды

Биыл Ұлы Отан соғысының ардагері, өмір жолы тағылым мен өнегеге толы азамат Мұрат Насимуллиннің туғанына 100 жыл толды.

image-03-05-24-07-06-12

Ұлы Отан соғысы басталғанда, он сегізге толар толмастан майданға аттанған ол Сталинград майданына 11-атқыштар бригадасының кұрамында болып, фашистермен бетпе-бет соғысқан.

Майданнан аман оралған Мұрат Насимоллаұлы Бөкей орда ауданы, Талап ауылының радиостанциясында радист қызметін атқарады. Одан кейін партия жұмысына араласа бастайды. Нәтижелі жұмыс жасап көзге түскен майдангер  1978 жылы Теректі ауданына аяқ тірейді. Сол жылы Ақжайық ауданы болып құрылған қазіргі Ақжайық ауылдық округінде халық депутаттары Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып жұмыс істейді.

Әр ісіне асқан мұқияттылықпен қараған, ауданды көркейтуге себепкер болған азаматқа Ақжайық халқы дән риза.

Бүгін туғанына ғасыр болған қоғам қайраткерінің атына арнайы көше беріліп, ұрпақтарының қолдауымен ескерткіш тақта орнатылды.

image-03-05-24-07-06-10

Еске алу кешіне Мұрат Насимуллимен үзеңгілес болған, көз көрген нарындықтар мен теректілік жұрт жиналды.

Теректі  ауданы әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев, облыстық  ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, еңбек ардагері Асқар Атаев, атқару комитеті орынбасары болған Светлана Танаева, ақын Ғайсағали Сейтақ, еңбек ардагері Ғазиз Хаймулдин, Бөкей орда ауданы Құрманғазы ауылында әкім болған Отар Набиев, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің ұстазы Сембіғали Ихсанұлы, ардагер дәрігер Қозыкеш Омаров т.б. жандар сол жерден табылды.

Ескерткіш тақтаны салтанатты түрде ашу құрметі баласы Жамбыл Мұратұлына бұйырды.

image-03-05-24-07-06-1

Еске алу кеші одан әрі мәдениет үйінде жалғасын тапты.

Шарада қайраткердің өмір жолы туралы деректі фильм көрсетілді. Жиналған аға буын өкілдері ел аузында жүрген «Мөкең айтқан» деген естелік әңгімелерімен бөлісті. Аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Баубекұлы жақсы адамның аты өшпейтінін айтып, аудан басшысы Әлия Биғазықызының алғысын жеткізді.

image-03-05-24-07-06-8

Өмірін ел-жұртқа арнаған жанның ұрпақтары атынан ұлы Жамбыл Мұратұлы да өз алғысын білдіріп, Ақжайық ауылының халқына қаржылай сыйлық табыстады.

image-03-05-24-07-06-4 (1)

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің, Махамбет Өтемісұлы атындағы сыйлықтың иегері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Құрметті профессоры», халық күйшісі Ермек Қазиев Сейтектің  күйі «Ортпа», Бөкей Орда ауданының Құрметті азаматы Каспин Жақатов «Мұрат сайы» күйлерін шертсе, Мұрат Насимуллиннің келіні Дәршін апай  әке туралы ән шырқады.

image-03-05-24-07-06-7

Жауһар Нұрым, 

Теректі ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале