1.11.2024, 9:00
Оқылды: 290

Теректіде мәслихаттың кезекті сессиясы өтті

Теректіде аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев сөз алып, күн тәртібінде қаралатын мәселелерді баяндады.

IMG_6483

Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова халық пен депутаттар алдында жүктелген міндеттер хақында мемлекеттік тілде есеп берді. Ана тілімізді алға оздырып, барынша қазақ тілінде есеп берген әкімнің ынтасын айтпай өтуге болмас.

– Бүгінгі таңда Теректі ауданындағы әлеуметтік-экономикалық даму келелі көрсеткіштермен жүзеге асып келеді. Ауданымыздың өркендеп дамуы, халқымыздың әл-ауқатын одан ары арттыру жолында жұмыстар жалғасын табады. Мемлекет басшысы халықтың тұрмысын көтеруге бағытталған бәсекеге қабілетті орта құруды, әділетті мемлекет пен ашық қоғам аясында нақты жобалардың іске асырылуын тапсырды. Осы міндеттерді және алға қойған мақсаттарды орындап, ынтымақпен қам қылуға шақырамын, -  деді Әлия Биғазықызы өз баяндамасының соңында.

IMG_6513

Әрмен қарай аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлмира Сәрсенова мәслихаттың 2023 жылдың 22 желтоқсанындағы №11-2 «Теректі ауданының ауылдық округтерінің 2024-2026 жылдарға арналған бюджеттерін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, 2025-2027 арналған даму бағдарламасын бекіту, мәслихаттың 2023 жылдың 12 желтоқсанындағы №10-3 «2024 жылы Теректі ауданының ауылдық елдімекендеріне жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдық округ әкімдері аппаратының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын көрсету туралы» шешіміне һәм 2013 жылдың 20 желтоқсанындағы №17 -13 «Аудандық құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоарлық комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы жеткізді.

IMG_6504

Аудан әкімі аппаратының басшысы Мирлан Еркібаев аудан әкімдігі жанындағы терроризмге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиялардың дербес құрамын бекіту жөніндегі шешіміне өзгерістер енгізуді ұсынса, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жандос Сұңғатов Теректі ауданының Құрметті азаматы атағына лайықты азаматтарды тізбеледі.

Сессия барысында депуттар тарапынан аудан әкіміне сұрақтар қойылды. Оның ішінде электр жүйелерінің тозу, қоқыстың көше сәнін кетіруі, нысандар жұмысының алға баспауы сөз болды. Мұның барлығына мардымды жауап беріліп, күн тәртібінде қаралған мәселелер бірауыздан құпталды.

Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале