8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Подстепный ауылында облыс бойынша 2005 жылдан бері қызмет етіп, жылдан жылға дамып келе жатқан «Алтындар» супермаркеттер желісінің жиырма төртінші дүкені ашылды.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова қатысып, нәзік жандыларды мерекемен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде Подстепныйда супермаркеттің ашылғаны барлық теректіліктер үшін қолайлы екенін атап өтті. Подстепный ауылдық округінің әкімі Мейірбек Сұлтанов та жерлестері үшін қуанышты екенін, енді керек дүниені алу үшін Орал қаласына барудың қажеті жоқтығын айтты.
Содан соң супермаркеттің өкілдері сөз сөйлеп, барлық тұрғынға «қош келдіңіз» айтты. Олардың айтуынша, ғимараттың құрылысына 200 млн теңге қаржы жұмсалған. 35 адам жұмыспен қамтылмақ.
Супермаркеттің ашылу салтанатында лента кесу құрметі аудан әкімі Әлия Биғазықызына берілді.
Одан кейін подстепныйлықтар мерекелік көңіл-күймен қажет заттарын сатып алуға көшті. Мереке қарсаңында ашылған супермаркетте алғашқы тұтынушыларға арналып естелік сыйлықтар да ұйымдастырылған көрінеді.
Аягөз Айтқалиева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz