Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанованың төрағалығымен жиын өтті. Бөлім басшылары мен ауыл әкімдері қатысқан мәжілістің күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Екеуі де өзекті. Бірі қаһарлы қысқа дайындықтың барысы болса, енді бірі ел үшін маңызды референдум хақында.
Мал азығы жайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сандуғаш Айтқалиев баяндаса, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайыржан Есетов жылыту жүйелеріне қатысты жүзеге асқан істер бойынша есеп берді.
Әлия Биғазықызы дайындыққа салғырт қарамау керектігін айтты. Әсіресе малдың жем-шөбі жеткілікті деңгейде болып, жылыту маусымына сеніммен қадам басуымыз керек деген ойын жеткізді.
Теректі ауданының аумақтық референдум төрағасы Арсен Бисенғалиев 6 қазанда өтетін референдумға дайындық жұмыстарының қызып жатқанын айтты. Ендігі кезекте дауыс берушілердің өзі жауапкершілік танытып, ортақ шешімге жұмыла білуі тиіс.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы