Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламановтың Новопавлов ауылына жұмыс сапары «Мәдиев» шаруа қожалығын аралаудан басталды.
Қожалық егін және мал шаруашылығымен айналысады. 31 адам жұмыспен қамтылып отыр. Барлығы да ауылдың тұрғындары. Бұл жөнінде қожалық басшысы Сәлімбай Мәдиев баяндады. Қожалық биыл 94 млн. теңгеге шетелдік техникаларды сатып алып, игілігін көруде. Аудан әкімі Әділ Тауфиқұлы қожалыққа аудан мақтанышы деп баға беріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
2014 жылы күрделі жөндеуден өткен Новопавлов мектебінде 90 бала білім алады. Білім ордасының тынысы қалыпты. Мектеп ішінде шағын мұражай да бар. Балғындардың дені жеңіл атлетикамен айналысып, облыстық деңгейде оза шауып жүр. 40-тан астам бала ыстық тамақпен қамтылған. Тек күрделі мәселе – интернеттің жоқтығы. Жалпы, интернет жылдамдығының нашар болуы көп ауылда байқалады. Цифрландыру – заманның талабы десек, сол талапқа ілесе алмай жатқан ауылдар көп.
Биыл 9 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткен дәрігерлік амбулаторияда интернеттің нашар болуына шағымданды. Тіпті, қан сынамаларын тіркеу үшін дәрігерлер аудан орталығына «шапса», науқастың электронды кітапшасын қараудың өзі бір азап.
Аудан әкімі ауылдық клуб ғимаратында ақсақалдармен және ауыл активімен кездесу барысында барлық мәселеге қаныққанын жеткізді.
- Барлық жағдайды көзбен көріп, халықпен тілдесу мақсатында ауылдарды аралап жүрмін. Халықтың мұң-мұқтажы, пікірі өте маңызды. Сол арқылы біз жұмыстанамыз, олқылықтарды жоюға талпынамыз. Новопавлов ауылында көгілдір отын да, таза ауыз су да бар. Күрделі мәселе – жол мен интернет жылдамдығының нашарлығы. Ауылда тәртіп сақшысы тұрақты болмайтынын да атап өттіңіздер. Ол ұрлықтың көбеюіне, ішкіліктің белең алуына әкеп соғады. Барлық мәселе шешіледі деп уәде беруден аулақпын, алайда бүгін көтерілген мәселелер әрдайым назарда болады, -деді аудан әкімі Әділ Жоламанов.
Әділет ОРЫНБАСАРОВ,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!