10.06.2020, 10:25
Оқылды: 144

 «Теректідегі тебіреністе» – театр басшысы

Теректінің топырағында дүниеге келген, қазіргі таңда ел алдында жүрген жандармен емен-жарқын жүздесуді мақсат тұтқан Теректі ауданында керемет жоба бар. Бұл – "Теректідегі тебіреніс".

Teatr (2)

Теректі аудандық балалар шығармашылық үйінің әдіскері, жігерлі жас, осы жобаның жүргізушісі Үміткер Орынғалиевтің айтуынша, жаңадан тәй-тәй басып келе жатқан жоба аясында ел бесінші мейманмен дидарласты. Хош, сонымен, жоба барысында Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры, «Серпер» жастар одағы сыйлығының лауреаты Салтанат Абулғазиевамен сәтті сұқбат болды. Өнер мен өмір хақында рухани әңгіме айтылды. Бала Салтанаттан бастап басшы Салтанатқа дейінгі кезеңнен сыр шертілді. Сонымен қатар театр, өнер туралы қойылған көрермен сұрағына да жауап берілді.

– Теректі ауданына қатысты Қызылжар ауылында шаруа отбасында дүниеге келдім. Әкем ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген адам. Анам әркез әкеме қолғабыс болды. Менің балалық шағым әдемі естеліктерге толы. Өйткені мен бақытты отбасында тәрбие алдым. Жалпы, мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап өнерге құштар болдым. Арманшыл едім. Мерекелік шаралардың басы-қасында ұдайы жүрдім. Әуезді ән, әсем бимен кештің көркін қыздырып, пародия жасайтынмын. Мұның бәрін бүгінгі таңда көзі тірі ұстаздарым да айтып отырады, – деген Салтанат Мақсотқызы одан әрі өнердің қыр-сырына тоқталды.

Айта кетейік, онлайн сұқбат барысында Үміткер Орынғалиев Теректі аудандық білім беру бөлімі басшысы Жанаргүл Хұсайынованың атынан жоба қонағына алғысхат табыстады.

Айшабибі Мәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале