16.04.2020, 9:38
Оқылды: 25

Теректілік азаматтың ауылға көмегі

 Елімізде орын алған төтенше жағдай қарапайым халыққа оңай тиіп жатқан жоқ. Осы орайда, кәсіпкерлер мен қолы ашық, жақсылық жасауға ниетті жандардың белсенділігі туралы айтпай кетуге тағы болмайды.

D856BB9E-F08E-424C-83DC-01BEBF872330

Күні кеше ауданға қарасты Покатилов ауылына кәсіпкер Айбат Мырзағалиев 1 тонна картоп, 2,5 тонна астық, 500 келі қант және 210 литр сұйық май жеткізіп берді. Ол жөнінде зейнеткер, ауылдың ардагерлер алқасының төрағасы, «Nur Otan» партиясының белсенді мүшесі Ерғали Бекетов былай деп баяндайды:

- Мен Айбаттың әкесін, Мырзағалиев Мақсотты жақсы танимын. Ұлының кәсіпкер екенін де сырттай білуші едім. Олар осы Теректі ауданының тумасы. Ел Президенті Қ.Тоқаев қысылтаяң шақта жанашыр азаматтар,  кәсіпкерлер жомарттық танытып, халыққа жәрдемдесуі керектігін айтқан еді. Айбаттың әкесі Мақсотпен бір кездескенде осы жайтты айтып, ауыл тұрғындарын қолдауын сұрағанмын. Көмек лезде келеді деп ойламадым. Бұл – Мақсоттай азаматтың көрегенділігі, Айбаттай кәсіпкердің адамдығы, тәрбие көргені деп білемін. Қазір ауылдық округ әкімі Абзал Хамимен бірлесіп, арнайы комиссия құрып, келіп жеткен көмекті аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге үлестіріп жатырмыз. Покатилов ауылдық округінің тұрғындары атынан Айбат Мырзағалиевке алғысымды білдіргім келеді. Көп жаса, айналайын,- дейді ризашылығын жасыра алмай зейнеткер.

CA02BFCD-6EE3-4EBD-85D1-DB217C4F7D54

Қазір ауылға жеткен көмек 34 отбасыға таратылған. «Nur Otan» партиясы Теректі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мирхат Ибраев Покатилов ауылына арнайы барып, көмектің белгіленген жерге жетуін қадағалады. Ауыл тұрғыны, бес баланың анасы Айсұлу Жауылбаева тосыннан келген жәрдемге қуанып қалды.

- Қазір облыс орталығына баратын мүмкіндік те жоқ. Мына аты жаман дертпен күресу мақсатында жасалып жатқан шаралардың бәріне қолдау білдіреміз. Қазір отбасымызбен үйде отырмыз. Сол кезде әрине, азық-түлік аса қажет. Өзім көпбалалы анамын. Жаны жомарт кәсіпкерлерге, азық-түлікті үйіме дейін жеткізіп берген аудан, округ әкімдіктеріне аналық алғысымды білдіремін,- дейді Покатилов ауылының тұрғыны.

 Әділет Орынбасаров

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале