Жанар Тайшыбаева десе, теректіліктердің есіне лезде «Жұлдыз» үлгілі би ансамблі түседі. Расында «Жұлдыз» бен Жанар есімі егіз ұғым іспетті. Республика танып, қала берді халықаралық додаларда жарқылдаған «Жұлдыздың» жұлдызын жаққан - Жанар Жеңісқызы десек, еш жаңылыспаймыз.
Әрине, халықтың махаббатына бөленген өнер ұжымының анасы саналатын Жанар Тайшыбаеваның да еңбегі еленуі тиіс. Солай болды да.
Бүгін Оралднан қуанышты хабар жетті. «Атамекен» өнер ордасының төрінде теректілік өнерпаз, жиырма жылдан астам тарихы бар «Жұлдыз» үлгілі би ансамблінің жетекшісі Жанар Тайшыбаеваға «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Марапатты өнерпазға БҚО Мәдениет басқармасы басшысы Сайран Темірғалиұлы ұсынды.
Жылдар бойы төккен тер мен тынымсыз ізденістің жемісі деп осы марапатты айтуға болады. Бір Теректі емес, күллі Қазақстан мақтанатын би ұжымының бар жетістіктерінің бастауында Жанар Тайшыбаева есімі тұр.
Әділет Әлібек,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz