Жан баласына жақсылық жасау үшін асып-тасқан дүние байлық қажеті жоқ. Ынталы жүректен шыққан кішкентай ықылас пен сәл ғана мейірім болса жеткілікті. Осындай мейірімді, игі істердің бірі Теректі ауданына қарасты Ақсоғым ауылдық округінде орын алды.
Жуырда Ақсоғым ауылдық мектебінде «GG Networks» сервистік компаниясы сыйлаған заманауи жабдықталған компьютер кабинетінің ашылу салтанаты болып өтті. Атаулы Астаналық компанияның басшысы Ақсоғым ауылдық округі мектебінің түлегі Ғиният Ғабдрахимов су жаңа компьютерлерді өз мектебіне тарту етті. Оқушыларға білім берудің сапасын арттыру мақсатында «GG Networks» сервистік компаниясының қолдауымен ашылған кабинет заманауи талаптарға сай, ең соңғы технологиялар және бағдарламалармен қамтамасыз етілген.
-Туған ауылымыздан қанша алыстап кетсекте, әрдайым туған жерімізді ешқашан естен шығармадық. Ауылдың тағдыры мен болашақ жастары ойландырмай қоймайды. Олардың білімді болып жетілуі үшін, жастарға жағдай жасауымыз керек. Қала мектептері мен ауыл мектептерінің арасындағы білім деңгейінде айырмашылық байқалады. Ауыл балалары ешкімнен кем болмауы қажет деген оймен, өзімнің туған ауылыма «GG Networks» сервистік компаниясының атынан компьютерлік кабиет аштық. Жаңа кабинет оқушыларымызға білім сапасын арттыруға, жаңа мүмкіндіктер мен цифрлық дағдыларды игеруге ынталандырады. Елге адал қызмет жасап, еліміздің дамуына зор үлесімізді қосқым келеді», - дейді жеке кәсіпкер Ғиният Мэлсұлы.
Аталмыш кабинеттің ашылу салтанатында Ақсоғым ауылдық округінің әкімі Муфтах Дүйсенғалиев және Ақсоғым ауылдық мектебінің директоры Гүлден Бегилова құттықтау сөзін сөйлеп, жерлес кәсіпкер Ғиният Мэлсұлына алғыс хат табысталды. Заманауи кабинетінің лентасы қиылып, ақ жаулықты әжелеріміз шашу шашты. Қосымша мектеп ұзтаздары да жылы лебіздерін білдіріп, ауыл азаматына алғысын айтты. Шара барысында Ақсоғым ауылдық клубының меңгерушісі Алмагүл Жәдігерқызы жетекшілік ететін халықтық «Ақ Отау» әжелер ансамбльі де ән шырқап, көрермендерді тәнті қылды.
Қуанышқа толы бұл шараға мерекелік дастархан жайылып, өз жалғасын тапты. Бүгінгі күн, қайырымды іс, Ақсоғым ауыл тұрғындарының, ұстаздар мен оқушылардың есінде, ауыл тарихында қалары сөзсіз.
Дамир Мурадимов,
Теректі ауданы