Кез келген кәсіп – береке бастауы. Хәкім Абай атамыз айтпақшы, кірпіштей дүниеге кетігін тауып, қалана білген адам ғана тұрақты табысқа кенелмек. Бастысы, жақсыны көрмекке ұмтылыс, ізденіс керек. Ал қол жайып, қарап отырғаннан ешкімнің көсегесі көгермейтіні хақ.
Мейірхан Сисенов Новопавлов ауылынан таяуда кір сабын шығаратын шағын кәсіп бастаған. Бүгінгі таңда өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Қазір оның шағын цехы тәулігіне 4 000 дана сабын шығаруға қауқарлы.
Екінің бірі қолға ала салмайтын кәсіп – сабын бизнесін бастау идеясы қалай келгені, күнделікті қолданыстағы кір сабынды жасау әдісі қандай екені хақында Мейірханның өзінен сұрап білдік.
Ол күнделікті шығыны қай нәрсеге кететінін анықтай келе кір сабын жасау бизнесіне тоқталған. Ойын әбден бекітіп, тәуекелге бел буған жерлесіміз көп кешікпей сабынды дайындайтын және кесетін құрылғыларды сатып алады.
– Әр адам кәсіпкер бола алады. Ең бастысы, бастаған ісіңе адал болуы керек. Талмай еңбек ету қажет. Талпынған адамға еңбек етуге мүмкіндік көп. Мәселен, өзім YouTube әлеуметтік желісінен кір сабынның жасалу жолын қарап, содан үйреніп алдым. Одан әрі көздеген мақсатымды жүзеге асыру үшін Тараз қаласына барып, білімімді жетілдіріп оқып келдім. Аталмыш істі қолға алғаныма бір айдай уақыт болды. Үй шаруасында көп қолданатын әрі бағасы да төмен дүниенің бірі – кір сабын ғой. Өзімнің темір тұлпарымды сатып, қаржысына құрылғыларды сатып алдым. Кір сабынның құрамы өте оңай. Шикізаттың барлығы қолжетімді. Құрамына ешқандай химиялық зат қоспаймыз, тек қана май, яғни өсімдік пен жануар майын пайдаланамыз. Жалпы, кір сабынның пайдасы өте көп. Біріншіден, табиғи және экологиялық таза өнім. Екіншіден, тіпті қатты сіңген кірді де кетіре алады. Суық суда да, ыстық суда да жууға болады. Жүннен тоқылған бұйымдарды кір сабынмен жуу пайдалы екені анықталған, олар үлпілдек әрі жұмсақ бола түседі. Үшіншіден, адам үшін пайдалы. Себебі, тек қана табиғи құрамдас бөліктерден тұрады. Ол аллергия тудырмайды. Кішкентай балалардың да киімдерін жууға болады және теріні тітіркендірмейді, - деген Мейірхан Сейілханұлы кір сабынға сұраныстың барын тілге тиек етті.
Қазіргі таңда ол қаладағы шаруашылық тауар сатумен шұғылданатын көтерме сауда иелерімен келісімге келген. Сабындарын соларға сатпақ.
Айтпақшы, сабынның біреуі 130 теңге тұрады. Келешекте үкіметтен грант алып, кәсібінің өрісін кеңейтіп, шашқа арналған сусабын, сұйық сабын шығару ісін де қолға алғалы отыр.
Самал Жамет
Теректі ауданы