22-27 маусым күндері Қарағанды қаласында кеме үлгілеу спорты бойынша ХХVI Қазақстан Республикасы чемпионаты өткен болатын. Чемпионатқа Батыс Қазақстан облысынан кеме үлгілеумен айналысатын үлкен топ жолданды. Солардың қатарында Теректі аудандық балалар шығармашылығы үйінің кеме үлгілеу үйірмесінің тәрбиеленушілері мен жетекшісі, жоғары санатты қосымша білім беру педагогі Манас Аққожин де бар.
Республикалық чемпионатқа қатысқан Манас Исмағұлұлының шәкірттері жарыстан олжалы оралды.
Ағайынды Есқара - Ерасыл мен Нұрасыл болашақта техникалық маман болуға қабілеттері бар екенін көрсетті. Кеменің құрылысын, терминологиясын, сызба оқуды меңгерген балалар үйірмеде құрал-сайман қолдануды үйреніп, еңбек дағдыларына да жаттыққан.
Кеме үлгілерін сапалы жасаған қос Есқара жүлделі орындарды иеленді. Атап айтсақ, Ерасыл «FSR Mоно 1» класы бойынша І орын, «F-2-А» класы бойынша IІ орын алды. Ал Нұрасыл «EX-600» класы бойынша IІ орынға табан тіреді. «F-2-B» класы бойынша кеме үлгісін дайындаған Бекзат Сайлау II орыннан көрінді.
70-ке тарта адам қатысып, 100-ден астам кеме үлгісі ұсынылған үлкен жарыста біздің үйірмешілердің үздік нәтиже көрсетуі – зор мақтаныш.
Үміткер Орынғалиев,
Теректі аудандық балалар шығармашылығы
үйінің қосымша білім беру педагогі