Теректі аудандық мәдениет үйінде алғаш рет «ETHNO MODERN» шоу концерті өтті. Бұл концерт бұрынғы концерттен өзгерек. Қазақтың ұлттық аспаптары — қобыз, сазсырнай, домбыраның үні осы шоу концертте заманауи дыбыспен үйлесімділік тапты.
Облыстық «Орал сазы» фольклорлық ансамблі мен «Ән қанатында» вокалды аспаптар ансамблінің бірлескен жобасы республикалық конкурстардың лауреаты, мультиаспапшы Аслан Ғұмаровтың жетекшілігімен болды.
Кеш барысында әлемге танымал «Пираты карибского моря» , «Мадагаскар», «Шерлок Холмс» саундтректері, «Modern Talking», «Мираж», Батырхан Шүкеновтың «Дождь», Виктор Цойдың әндері шырқалды. Сондай-ақ «Қара жорға», «Шақабай Шалап», «Көкбалақ» күйлері орындалды.
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Өтегенов «Алатау», «Мәдениет саласының үздігі» Майра Хайдарова «Сарыжайлау», Айым Шекеева «Гүлсезім», Қанат Төлепқалиев «Забирай меня», Айдана Орынғалиева «На теплоходе», Жаскелең Ғайсағалиев «Берегите женщин» деп әдемі кешті одан сайын әспеттей түсті.
Ерекше ұйымдастырылған концертке риза болған Теректі жұртшылығы аямай қол соғып, ұзақ қошемет көрсетті.
Әуезді кешке қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дамир Ғұмаров өнер иелеріне алғысын айтып, аудан басшысының атынан ықылас гүлін тарту етті.
Жауһар Нұрым,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz