Жерлестеріміз ел чемпионатынан арқаланып келе жатыр. Тарқатсақ, Ақтөбеде кеме үлгілеу спортынан оқушылар арасында байрақты бәсеке өткен еді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Ресей, Өзбекстан елінен де жас спортшылар қатысып, Ақтөбені кемелер айлағына айналдырды.
Дүбірлеп өткен дода шеңберінде халықаралық Достастық кубогінің іріктеу кезеңінің де мықтылары анықталды. Теректі ауданынан аттанған қосымша білім беру педагогы Манас Исмағұлұлының шәкірттері 150-ге жуық жеткіншектер арасынан оқ бойы озық шығып, бес алтын, алты күміс, үш қоламен сүйіншіледі.
Атап айтсақ, Ерасыл Есқара Қазақстан оқушыларының ХІІ жазғы гимназиадасынан, ХХІV Қазақстан Республикасы чемпионатынан «Mini expert», «FSR-ECO Team», «Mini mono» аталымдары бойынша 1, 2, 3 орындарды қанжығасына байлады.
Нұрасыл Есқара, Ермек Бақтыбай, Аян Сағидолла, Қайырбек Абдул аталған бәсекенің «F 2-A», «F2-K», «F4-A», «ЕХ – 600» аталымдарынан алтыннан қола жүлдеге дейін қоржынға салып, олжалы оралды.
«Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деген қазақ Манас Исмағұлұлыдай білікті ұстаз туралы айтса керек. Аудан, одан былай өңір намысын қорғаған оқушылар дүйім жұртты таңдай қақтырды.
Осы орайда болам деген баланың бетін қақпай, қолдан келгенше қолдау көрсеткен ата-аналарының да мерейі үстем болды.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы