Подстепный Мәдениет үйінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын түсіндіру бағытында кеңес өтті. Оған облыстық, қалалық және барлық аудандар бойынша жер қатынастары бөлімінің басшылары, округ әкімдері қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Виталий Кушнер төрағалық еткен жиын барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер қорларын басқару комитетінің жерге орналастыру және жер қатынастарын дамыту басқармасының бас сарапшысы Самал Есқалиева заңнамаға енген өзгерістерге кеңінен тоқталды.
Еске сала кетейік, Елбасы Н.Ә.Назарбаев Жер кодексіне бірнеше өзгерістер енгізген болатын. Енді елді мекен ішіндегі жер учаскілерін тексеру құқығы ауылдық округ әкімдерінің тарапына өтеді. Сонымен қатар жер қатынастары комиссиясының құрамы да өзгеше болады. Комиссия мүшелігіне төрт мемлекеттік қызметкер және бес қоғамдық кеңес мүшесі яки кәсіпкерлер кірмекші.
БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұханбетжанованың айтуынша, ауылдық округ әкімдері өздерінің шешімдері негізінде берілген жер телімдеріне ғана тексеріс жүргізе алатын болса, кәсіпкерлік пен шаруа қожалықтарының жерлерін тексеру аудан әкімдігіне жүктелген.
Басқарманың бас сарапшысы Самал Әлімханқызы 2019 жылы қабылданар заңнама бойынша жиылғандардың ой-пікірлерін сұрады.
Бізді қынжылтқан бір жайт, жиын орыс тілінде өтті. Мемлекеттік тілдің рөлі әр жиында айрықша болу керектігін ескерсек, бұл нағыз олқылық деуге негіз бар. Басым көпшілігі мемлекеттік қызметкерлер, соның ішінде қазақ тілді басшылар қатысқан жиында тек орысша жүргізіліп, қазақша қойылған бірді-екілі сауалға орыс тілінде жауап қайтарылғандығы мемлекеттік тілге деген немқұрайлылық деп қабылдаған жөн.
Әділет ОРЫНБАСАРОВ
Теректі ауданы
zhaikpress.kz