Әлем жұрты, жастары тойлайтын мерекеде Теректі ауданының «сен тұр, мен атайын» дейтін озық ойлы дарындыларын оқырманға насихаттау үшін жастармен пікірлестік.
Жасыратыны жоқ, Теректіде жайдарман ойындары кенжелеп қалып еді. Биыл аудандық лиганың маусымы ашылды. Бұл бастамаға бірден-бір себепкер Бағжан Серіков десек, қателеспейміз.
Бағжан Серікұлы 2001 жылы Жаңа өмір ауылында дүниеге келді. 2018 жылы Шаған жалпы орта білім беретін мектебінің түлегі атанды. Ата-анасы мен мұғалімдерінің айтуынша, мектеп кезінен қоғамдық және мәдени іс-шараларда белсенділік көрсеткен, алғыр әрі дарынды болған. Өзінің жеке қызығушылығы – өнер, соның ішінде ән айту, жайдарман ойнау.
Жайдарман ойынын алғаш 2019 жылы «Виллаж» командасымен бірге ауданының сахнасынан бастайды. Кейін араға бір жыл уақыт салып, 2020 жылы Подстепный ауылында өткен Теректі ауданы әкімінің кубогында ІІ орынды иеленіп, алғашқы жеңіс жолына қадам басады. Дәл сол жылы Бәйтерек ауданы әкімінің кубогында жүлделі ІІ орынды жеңіп алады. Қарқынға қарқын қоса түскен «Виллаж» жайдарман тобы 2021 жылы Теректі ауданының атынан облыстық жайдарман ойындарының маусымына қатысып, 1/4 финалына дейін жетеді.
2022 жылы республикалық фестивальге аттанып, Павлодар қаласында өтетін «Ашық лига» ойындарына жолдама алады. Жергілікті лигада ойындарын жалғастырып, 1/2 финалына дейін үздіктер сапында болады.
Араға бір жыл салып, яғни 2023 жылы өңір намысын қорғаған команда аталмыш лиганың финалында өнер көрсетеді. Ауылда танымалдылыққа ие болған ол Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде оқып жүріп-ақ сахнаға да шығып, түрлі байқауларға қатысып та үлгерді. 2023 жылы мамандығы бойынша өзі тәлім алған орта мектепке тәлімгер болып орналасады.
Сол сәттен бастап Теректі ауданындағы Шаған мектебіндегі біраз уақыт ақсап қалған жайдарман жобасын қолға алады. Мектеп оқушыларынан «БХР» командасын құрып, мектеп тарапынан жетекшілік жасап, облыстық ойындарға қатыстырады. Сол команда қазір облыстық студенттер лигасының жартылай финалында бақ сынайды.
Сондай-ақ биыл Тасқала аудандық жайдарман ойынының жартылай финалына жолдама алды. Шәкірттері үшін тақым қысатын, бар білгенін үйретуден жалықпайтын ол Теректі жастарының белсендісі, қалыптасқан жайдарманшы ретінде өзінің ойын ашық айтты.
– Теректі ауданы үшін облыстық жайдарман додаларынан алға суырылып шығу, жүлде алып, жеңімпаз атану хақында мәселе көтерілген еді. Оны қолға алып, нәтиже шығару көп уақытты қажет ететіні белгілі. Бізге қайтпек керек? Ол үшін біз аудандағы жастар қозғалысын жүйелі түрде жүргізуіміз тиіс. Кеше ғана бастау алған лигамызды соңына дейін жеткізіп, аудан чемпионын анықтауда осы іске тікелей әсер етеді. Дәл сол жүйемен жыл сайын жұмыс жасасақ, үздіксіз болған қадамның арқасында түбінде өзіміз қалаған нәтижеге жетеміз. Артық айтқаным емес, болашақта Теректінің Есен Елеукені болғым келеді, - деді өз сөзінде.
Сонымен қатар Бағжан Серікұлын облыстық, республикалық ойындарға қатысуға, жол шығынын төлеуге келгендегі қаражат мәселесі толғандырады. Демеушілердің табылмай тұрғаны қынжылтады.
Ақтілек Әлібек
Теректі ауданы