20.09.2023, 22:30
Оқылды: 66

Теректінің келіні бірінші орынды иеленді

Орал шаһарындағы «Атамекен» өнер ордасында БҚО Халық шығармашылығы орталығының ұйымдастырумен «Жас келін – 2023» аймақтық келіндер байқауы өткен еді. Сайып келгенде, Подстепный ауылының тұрғыны Мөлдір Ізғалиева жүлделі 1-орынды қанжығаға байлады. Сонымен қатар ұйымдастырушылар тарапынан 250 000 ақшалай сыйлыққа ие болды. 

IMG-20230920-WA0057

Айта кетейік, Мөлдір Набекқызы 1994 жылы Орал қаласында дүниеге келген.

IMG-20230921-WA0000

‐ Әкем жаттықтырушы, анам мұғалім болып қызмет атқарады. Қарапайым ұстаздар отбасында тұңғыш қыздары болып ата-әже тәрбиесін көріп өстім. Бала күнімнен анам оқуға, әкем спортқа баулып екі жақты да қатар меңгеріп өскен баламын. Отбасы жағдайына байланысты киелі Маңғыстау жеріне қоныс аударып, жеті жылдай тұрып, Оралға қайта келдік. Бұл жердегі №36 мектептің 11 сыныбын аяқтап, Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетіне оқуға түсіп, инженер -химик қызыл дипломмен аяқтадым. Оқуымды аяқтап 2016 жылы тұрмыс құрып, алашалар еліне келін болып түстім. Қазіргі таңда ұл мен қыздың анасымын, қос әжеміз бен анамыздың бабын тауып келе жатқан келінмін. «Оқу ешқашан аздық етпейді» деп М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Университетін аяқтадым.

IMG-20230920-WA0069

Өз ісімді дөңгелетіп, бала кезімнен хобби ретінде айналысқан көркем гимнастика спортын қыз балаларға үйретіп, сонымен қатар ерекше балалармен емдік дене шынықтыруменде айналысып жүрмін. Сауабы мен еңбегі қатар жүретін бұл салада жүргеніме 3 жылдың жүзі болды. Баламмен бірге өсіп келе жатқан жас жеке кәсіпкер маманмын. Келешек ұрпаққа салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын түсіндіріп, үлесімді қосып келемін, - деген жеңімпаз келін, осы байқауға қатысуға үлестерін қосқан барша жандарға алғысын жаудырды.

Айшабибі Мәмет, 

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале