20.08.2024, 20:00
Оқылды: 143

Техникалық мамандар тапшы

Қазіргі таңда елімізде техникалық мамандарға сұраныс жоғары. Мектеп бітіруші түлектерге берілетін мемлекеттік гранттың басым бөлігі осы техникалық мамандықтарды таңдайтын балаларға арналған. Дегенмен бүгінгі еңбек нарығында осы салаға сұраныс көп болса да, кез келген жерде кадр жетіспеушілігінің бар екені айтпаса да белгілі.

image-20-08-24-07-19-2

«Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі – жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда» деп Мұқағали Мақатаев айтып кеткендей, әр адам өзінің болашақ мамандығын таңдауда қателеспеуі тиіс. Себебі ол алдағы уақытта таңдаған мамандығы бойынша күнін көріп, нанын табады. Бөрлі ауданында да болашақ техникалық мамандарды дайындайтын 2 колледж бар. Бірі Ақсай техникалық колледжі (АТК) болса, екіншісі Бөрлі колледжі. Екеуі де техникалық мамандарды дайындауға арналған. Бөрлі колледжінде электрмен қамтамасыз ету, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, ландшафттық дизайн, мұнай мен газды қайта өңдеу технологиясы, банк және сақтандыру ісі мамандарын даярлайды. Ал АТК-да дәнекерлеу ісі (сварщик), электр жабдықтары (электрик), автокөліктерге қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану (механик), мұнай және газды өңдеу операторы (техник-технолог) және де тамақтандыруды ұйымдастыру, яғни аспаз мамандықтарына оқытады. Қазіргі таңда осы мамандықтар бойынша студенттерді қабылдап жатыр. Ақсай техникалық колледжіне алдағы оқу жылында мемлекеттік тапсырыс бойынша 80 бала қабылданбақшы. Ал биыл 72 бала бітіріпті.

Негізінен бүгінгі мақаламыз техникалық мамандық, соның ішінде электрик мамандығына арналған. Қазіргі таңда осы саладағы мамандар елімізде тапшы саналады. Себебі көбісі өміріне қауіп тудыратын мамандықтың жалақысын аз санайды. Аудандағы Ақсай техникалық колледжінде жыл сайын электрик мамандығына 20 бала қабылданады. Көбінесе студенттер практикадан өткен мекемелеріне орналасады екен. Негізінен колледжде техник-технолог және электрик мамандықтарына әрдайым сұраныс жоғары. Дегенмен осы мамандықтарды бітіріп, әрі қарай жұмыс жасайтындары көп емес екені айтпаса да анық. Біреулері басқа мамандыққа оқып жатса, енді бірі мүлде басқа жұмысқа орналасады. Содан кейін техникалық мамандар тапшы болатыны да түсінікті шығар. Десе де осы салада жұмыс жасағысы келетіндер де жоқ деп айта алмаймыз. Қазіргі уақытта электрик болғым келеді деп армандайтын балаларды көп кездестірмейміз. Бірақ олардың санаулы болса да бар екеніне көз жеткіздік. Мысалы, болашақта электрик болғысы келетін Арнұр қазірден бастап дайындалып жүр екен.

- Мен 2025 жылы мектеп бітіріп, оқу орнын таңдаймын. Мамандығымды осыдан 2 жыл бұрын анықтап қойдым. Қазіргі таңда да таңдауым өзгермеді. Мамандық таңдау кім-кімге болсын оңай емес. Себебі сен осы мамандығың бойынша әрі қарай болашағыңды елестетесің. Осы салада өмір бойы жұмыс істеуің мүмкін екенін де есте сақтаған жөн. Сондықтан бұл шешімді қабылдаған кезде мұқият болуымыз керек. Өз басым электрик боламын деп шешім қабылдадым. Бұл қиын жұмыстардың бірі. Себебі жұмыс барысында тоққа да соғылып, жарақат алуың мүмкін. Электр қуаты күнделікті өміріміздің маңызды бөлшегі. Қазіргі таңда елімізде осы техникалық мамандардың тапшы екенін, кәсіпорын, мекемелерге электрик, дәнекерлеуші, механик секілді мамандардың қажет екенін естіп жүрміз. Өзіме де осы сала қызық болғандықтан, мектепте де физика пәніне аса көңіл бөлемін. Болашақта мықты маман болып, еліміздің дамуы үшін жұмыс істеймін, - дейді болашақ электрик Арнұр Саламат.

Сонымен қатар оқу бітіріп, мамандығы бойынша жұмыс істейтіндер де бар. Өзі оқуын аяқтап, ары қарай басқаларға үйретемін деген ниетпен Роман да қазір студенттерге сабақ беруде.

- Мен 2020 жылы «Электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету», яғни электрик мамандығы бойынша оқуымды аяқтадым. Менің ойымша, бұл өте қызықты мамандық. Жыл сайын электриктерді жетілдіретін жаңа технологиялар пайда болуда. Және бұл мамандық бізде де басқа елдердегі сияқты еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие. Әрине, алдағы уақытта мамандығыма сай электрик болып жұмыс істеймін деген ойым бар. Ал қазіргі уақытта мен АТК-да электромонтерлерді өндірістік оқыту бойынша шебер болып жұмыс жасаймын. Электриктердің жұмысы өз өмірі үшін де, басқалардың өмірі үшін де өте қауіпті. Өйткені электриктің қателігі жабдықтың бұзылуына және соның салдарынан қысқа тұйықталуға, электр тоғының соғуына және апаттарға әкелуі мүмкін. Сондықтан әрқашан қауіпсіздік бірінші орында екенін ұмытпауымыз керек, - дейді Роман Курицын.

Қандай жұмыс орнын алсақта электр жарығынсыз оның жұмысының өнбейтіні белгілі. Өмірімізді де жарықсыз, электр қуатынсыз елестете алмаймыз. Бізге қарапайым болып көрінгенімен, негізінде бұл қиындығы мен қызығы қатар жүретін, үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Осындай ауыр және қиын жұмыстан қашпай, осы салада еңбек етіп жүрген жандарда ауданымызда баршылық. Ақылбек Тілеуханов та кішкентай кезінен әкесінің қасында жүріп, сымдарды бір-біріне жалғап, бағаналарға өрмелеп өскен балалардың бірі.

- Мен бала кезімнен тоқпен жұмыс жасайтын заттарды шұқып, ашуға әуес болдым. Әкем не жасаса да, электр тоқтарын тексеріп жатса да қасында жүріп, біраз нәрсе үйрендім. Осы сала қызық болғандықтан, кейін оқуға түсіп, дипломымды алғаннан кейін жұмыс жасай бастадым. Жұмысқа кіргеннен кейін бұл жұмыстың қандай қиын екенін түсіндім. Десе де бала кезімнен армандаған мамандығым бойынша жұмыс істеу үшін аянбай еңбек еттім. Білмегенімді сұрап, білгенімді әрі қарай жетілдіру мақсатында менен тәжірибесі көп мамандардан көп нәрсені үйрендім. Қазіргі уақытта өзім де менен кіші тәжірибесі аз жастарға бар білгенімді үйретіп жүремін. Электриктің жұмысын қазіргі таңда көбісі дәрежесі төмен мамандықтарға жатқызады. Дегенмен қазіргі дамыған заманда электр қуатынсыз бір күнімізді де елестете алмаймыз. Сондықтан бұл аса қажет мамандықтардың бірі, - дейді Ақылбек Тілеуханов.

Айтып өткеніміздей, электрик мамандығы аса жауапкершілікті, тиянақтылықты талап етеді. Сол себепті де осындай қиын әрі қауіпті мамандықтарға көп ешкім бара бермейді. Негізінен таңдаған мамандығыңыз сіздің сүйікті ісіңізге айналуы керек. Дегенмен көбісі жалақысы жоғары жұмысты іздейді. «Алуан-алуан кәсіп бар, таңдай біл де,талап қыл!» демекші, шын көңіліңізбен, ниетіңізбен жұмыс жасасаңыз ғана жасаған ісіңіз керемет нәтиже береді. Сондықтан да кез келген таңдауды жасағанда қателеспей, қобалжымай өміріңіздің бір кірпішін қалап жатқаныңызды естен шығармау маңызды.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале