Зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуды көздейтін «Күміс жас» жобасы ауданымызда сәтті жүзеге асып жатыр.
2021-2025 жылдарға арналған «Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту» жобасы аясында жүзеге асырып жатқан бұл бастама аясында биыл Бәйтеректе 30 адамды жұмысқа кіргізу жоспарланса, қазір соның 25-і қамтылып отыр.
Таяуда Бәйтерек ауданы Атамекен ауылдық округінің Қайнар ауылындағы «Калашников» шаруа қожалығы (басшысы Н.Калашников) осы жобаға қатысып, екі жұмыс орнын ашты. Осылайша аталмыш ауылда жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған Ғарифллла Бөкеев пен Роза Преснова қызметке қабылданды.
Аудандық мансап орталығының басшысы Нұрсәуле Есенғалиеваның айтуынша, бұл - екі тарапқа тиімді жоба. Яғни шаруа қожалығы өзіне қажет қызметкерлерді тапса, ал табысы жоқтар жұмыспен қамтылып, зейнеткерлікке уайымсыз жетеді. Оған қоса бұл олардың материалдық жағдайына ғана емес, болашақтағы базалық және жинақталатын зейнетақы мөлшеріне де оң әсерін береді.
- Жұмыс берушілердің аталмыш жобаға қатысу мерзімі үш жылды құрайды.
Соған сәйкес олар қызметкерлерге төлейтін жалақысының біраз бөлігі бюджеттен субсидияланады. Мәселен, ол бірінші жылы – 70%, екінші жылы – 65%, үшінші жылы – 60%-ды межелейді. Тек жұмыс беруші жалақыны белгілегенде мемлекеттік субсидия көлемі 30 АЕК-тен немесе 110760 теңгеден аспайтынын ескеруі керек, - дейді Нұрсәуле Әуелбекқызы.
Бүгінде «Күміс жасқа» қатысушылардың бәрі оның өте пайдалы екенін айтып, осындай жоба жасақтаған үкіметке ризашылықтарын білдіруде.
Қуаныш Қали,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz