Көңілі кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілін бауырына басып келеді. Бір шаңырақ астында тату өмір сүріп келе жатқан ұлттардың достығы өзге елдерге де үлгі боларлықтай. Көптеген ұлт мекендейтін қазақ даласында өзінің ана тілімен қатар қазақ тілін де жетік білетіндер аз емес. Қазіргі кезде елімізде қазақша сөйлейтін этнос өкілдерінің де саны артқан.
Мемлекеттік тілімізді жетік білетін өзге ұлт өкілдері де арамызда баршылық. Қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің елімізде айтарлықтай көбейгені – басты жетістігіміз. Бұл дегеніміз, тілегі бір отандастарымыздың қазақ халқына және тіліне деген құрметі.
Осы санымызда өз тілін білмейтін қандастарымызға үлгі болсын деп, қазақ тілін жетік білетін өзге ұлт өкілі - Анастасия Золотарьмен таныстыруды жөн көрдік. Ол - неміс ұлтының өкілі. Анастасия қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді. Оның тілге деген қызығушылығы бала кезінде пайда болған. Анастасияның отбасы қазақ жерінде 1920 жылдардан бері тұрады. Әжесі де қазақ тілін жетік білген екен. Үйдің кенжесі Анастасияның үш әпкесі бар. Ата-анасы қазақ тілін бастапқы деңгейде ғана біледі. Ал әпкелері қазақ тілін жетік меңгерген. Анастасия Ақсай қаласындағы №5 мектептің 9-сынып оқушысы. Мектептің орыс сыныбында оқитынына қарамастан қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша аудандық, республикалық байқауларға қатысқан.
- Мен қазақ тілінен олимпиадаға бірінші рет 2-сыныпта қатыстым. Қазақ тілінен олимпиадалар мен байқауларға қатысқан кезімде ұстаздарым Тоты Нұғманова, Фарида Ғұсманова, Даурия Құсаинова, Ботагөз Разаковалар үлкен көмек пен қолдау көрсетті. Менің барлық бастамамды мектеп директоры, сынып жетекшім және ұстаздарым қолдайды, - дейді Анастасия Викторовна.
9 наурыз күні Анастасия қаламызға келген еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Ол өзіне бұйырған кездесу мүмкіндігіне өте қуанышты. Анастасия кездесуге дейін қатты уайымдаған. Бұл менің өмірімнің ұмытылмас және өте қызықты сәті болды дейді.
Анастасияның қазақ тілінен олимпиада, жарыстарға қатысып, жеткен жетістіктері де баршылық. Бірінші рет қатысқан, 2-сынып оқушылары арасында өткен «Қазақшаңыз қалай?» танымдық ойынында білімі мен ұшқыр ойының арқасында І орынға ие болған.
2020 жылы Алматы қаласында өткен «Абай мұрасы» атты республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы Абай Құнанбаевтың шығармаларының байқауында «Көркем сөз» жанрында ІІІ орын иегері атанды.
2021 жылы Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өткен «Time to speak» лингвистикалық марафонында «Көркемсөз шеберлері» кезеңінде І орын алған.
Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына орай ұйымдастырылған аудандық мәнерлеп оқу жарысында І орын, Қазақстан халқының тілдер мерекесі және Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Тіл – Қазақстан халқының рухани байлығы» атты танымдық сайыста бас жүлдені иемденген.
Сонымен қатар Анастасия «Әкеге хат» атты эссе байқауының І орын иегері.
- Менің сыныптастарымның да бір қатары қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Сонымен қатар «Балдәуренде» танысқан достарыммен тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Қазақ тіліне деген құрмет, тілге деген қызығушылық маған әжемнен дарыған. Әжем қазақ тілінде таза сөйлейтін. Бала кезімнен елімнің лайықты азаматы болғым келеді. Қазақ тілін жетік білемін деп айта алмаймын. Әлі де үйренерім көп, - дейді Анастасия.
Қазақ тілін жақсы білетін аруымыз болашақта математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді екен.
Анастасия бос уақытында кітап оқып, сурет салады. Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов сияқты қазақ классиктерін оқығанды ұнатады. Бірақ та сирек оқиды екен.
Көбінесе Қазақстан тарихын оқығанды ұнататындығын айтып өтті.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz