Тақырыпқа тоқталып, ана тілімізге құрметті көше атауынан бастауды құп көрмеуіңіз мүмкін. Бәлкім, жай ғана атауда тұрған не бар деп елемей, мән бермейтін де шығарсыз. Таксимен келе жатып, жүргізушіге мекенжайды түсіндіретін құрал ретінде ғана қарайтын да боларсыз. Айта берсек, дәл осындай мың түрлі ақталуды тізіп беруіңіз де ықтимал. Міне, ана тілді былай қойғанда қоғамда орын алатын көптеген түйткілдер сіз ат тоныңызды ала қашып, мән бермеген негізден күрделене бермек.

Ал өзі жарымжан күйдегі тілдің жағдайын насырға шаппай тұрып қолға алып, әуелі көшеміздегі өзге тілден енген атаулардан арылып, толықтай қазақыландырудан бастасақ, өңі кіріп қалар еді. Біз ұрандатқан істі атқарудан ауыл әкімдігі мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі алдына жан салмай тұр. Бір ғана Жәнібек ауылында 40 көше болса, 2 көше орыс тілінде. Жалпы аудан бойынша көшеге берген есім-сой мен атаулар 95% қазақ тілінің меншігінде. Ол аз десеңіз, ақын, ойшыл Ғұмар Қараш, даңқты шопандар Ғұсман Абдуллин, Төлеш Әбдірахманов, композитор Қапан Мусин, инженер, өңірдегі экономика мен мәдениет саласында қолтаңбасы қалған Мұстақым Ықсанов, Ұлы Отан соғысының ардагері Шәкір Мәжитов, алаш бағына туған қаһарман Мәншүк Мәметова, қоғам қайраткері Рахметтолла Егізбаев, комиссар Хаби Халиуллин сынды Жәнібекте дүниеге келіп, мұқым елге қызмет еткен жандардың есімдері берілген. Кеуде керіп жүргенде «Улица 19, 20, 24, 29, 30» көшелеріне бара қалсаң екіұдай күйге түсесің. Осы уақытқа дейін сандармен аталған атаусыз көшелердің жайын білмек болып Жәнібек ауылы әкімінің орынбасары Рустам Аманғалиевқа жолықтық.

- Жәнібек ауылдық округінің әкімдігі «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескерту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысын негізге ала отырып, Жәнібек ауылының солтүстік беткейіндегі инфрақұрылым желілері тартылған 10 жаңа көшеге атау беру үшін ауыл тұрғындарымен және жергілікті қоғамдастықтың қатысуымен жиналыс өткен болатын. Бір ауыздан қолдаудың нәтижесінде облыстық ономастика комиссиясының 2022 жылдың 8 желтоқсанындағы қорытындысына сәйкес шешім шығарылып, бүгінгі таңда әділет органдарында мемлекеттік тіркелу үстінде, - дейді.

Оның айтуынша, жақын арада көше тұрғындарының қақпасында Дінмұхамед Қонаев, Әл-Фараби, Қадыр Мырза Әлі, Жұбан Молдағалиев, Хиуаз Доспанова, Жәнібек хан және Құрманғазыдай ірі тұлғалардың есімі менмұндалап ілініп тұратын болады. Болары болып, бояуы сіңіп кетпей тұрып жар салып ескертетін бір жайт бар. Ілмес бұрын көшеге берілген есімді яки атауды зерделеп, тым болмаса оның кім екенін біліп, бастысы - атауды айна қатесіз жазу. Сіз басында бой бермеген тілге деген жанашырлық осы жерден көрінеді. Ерді әйел, әйелді ер етіп көрсетіп, орысша жазу қазақ тіліне жасалған озбырлық деп білген жөн. Ауыл әкімдігі берген көше атауларының тізіміне қарап, алақайлап кеткенімізбен, көшеге шыға бергенде басымызды қапысыз төменге түсіреміз. Махамбет Өтемісов атындағы көшемен бойлап бара жатып, қақ ортада орналасқан үйдегі «М. Утемисова» (реттік нөмірін көрсетпейміз) дегенді көзіміз шалды. Біріншіден, ана тіліміздің өркендеуін тежесе, екінші тұрғыда алдаспан ақынның рухына бейжай қарау бұл. Осындайда қиып түсер өткір тіліне батырлығы дөп келген марғасқаның қарындасы Қарашаш еске түсті. Үйдің тұрғыны кімді меңзегені белгісіз. Дәл осы тектес жағдайлар Қапан Мусин (Мусина деп жазылған), Мәншүк Мәметова (Мәметов деп жазылған), Мұстақым Ықсанов (Ихсанова деп жазылған) көшелерінде қайталанған. Айтайын дегеніміз, аспанға бөркімізді атпас бұрын үйіміздің маңдайшасына атауды сауатты жазып үйренейік. Бұл тек қарапайым тұрғындарға ғана емес, атауларды дайындайтын мамандарға да айтылатын базына. Ақысы төленген дүние қазақ тілінің қарыштауына жол ашса, нұр үстіне нұр. Осы түйінді тарқату мақсатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алтай Бақтығалиевпен аз-кем пікірлестік.
- Соңғы уақытта көп байқап жүрмін. Таныстарым болса, қатты айтамын. Тіпті қазақша атауы бар көшелерді байырғы, идеологиялық бағытта ескірген атаулармен атайтындар да табылады. Мысалы, М. Ықсанов атындағы көшені «Московский», А. Иманов атындағы көшені «Ленин», Ш. Мәжитов атындағы көшені «Киров» деп айтып жүргендердің де әрекеттері дұрыс емес. Ауыл жұртшылығы және әкімдікпен бірлесіп қазақ тілінің мәртебесін арттыруды көздеп, өз қауқарымызша кірісіп жатырмыз. Ол оң нәтижесін берді деп те айтуға болады. Ендігі кезекте көше атауын, тарихын жетік біліп, сол арқылы тілдің болашағына сәуле түсіру – тұрғындардың қолында. Бір өкініштісі, тұрғындармен талқылау кезінде менің атама немесе арғы бабама көше беріңдер деп желеулеткендер біраз. Біз ұсынылған тізімге зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ол адамның еңбегі мен істерін негізге ала отырып шешім қабылдаймыз. Біреудің көзі жақсы, біреудің өзі жақсы деп көшені атына бере салу ақылға сыймайды,- деді өз сөзінде.
Айта кетейік, Жәнібек ауылының шеңберінде емес, облыс бойынша ескірген атаулардан арылу жөнінде жұмыстар атқарылып келеді. Өйткені ол мәселе ел болып жиылып, жұдырықтай жұмылып шешілуі тиіс. Темірді қызған кезінде соғу жөн болса, осы орайда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ономастика және көрнекі ақпараттарды бақылау бөлімінің басшысы Ізбасар Жұмағалимен байланыс орнаттық.
- Батыс Қазақстан облысында егемендікке қол жеткізген 1991 жылдан бастап бүгінге дейін облыс бойынша көнерген немесе мән-мағынасын жоғалтқан 5 ауданның, 109 елді мекеннің, 1854 көшенің атаулары өзгертілді. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында барлығы 12 аудан, 454 елді мекен, 4077 көше бар. Оның ішінде 67 (17%) елді мекен және 603 (13%) көше атаулары өзгертуді қажет етеді. Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен облыстық мәслихаттың 2022 жылғы 8 сәуірдегі бірлескен қаулы және шешімімен Орал қаласының 11 көшесі, 1 алаң ұлттық танымға жақын атаулармен қайта аталынды (Московская көшесі - Тәуелсіздік көшесі, Мирзоян көшесі - Желтоқсан көшесі және тағысын тағы). Бұл өңірде жүзеге асып жатқан істердің тізбегі. Ал өзге аудандармен салыстырсақ, көше атауларын қазақыландыруда Жәнібектің көші ілгері, - дейді.
Республика, облыс, аудан көлемінде көтеріліп, сайып келгенде бір кездері жарқырап тұрған атауларды «ескі үйдегі» сандыққа салып, кері ашпас үшін тынбау қажет. Ауылдағы «Новостройка», «Водстройлармен» қош айтысатын күнді асыға күтеміз. Жаңа Қазақстанда жаңашылдыққа бетбұрыс жасап, тілімізге құрмет танытуды көше атауларынан бастайық.
Ақтілек Әлібекұлы
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz