5.09.2023, 17:44
Оқылды: 88

«Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады»: Жәнібекте танымдық кеш өтті

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ұлт тағдырын дөп басып айтқан пікірі әлі де өзекті. Алаш арыстары ақтық демі, қасық қаны қалғанша ана тілдің мәртебесі үшін күресті. Сол жолда жан қиды десек те болады. 

7F944178-CF69-4C23-8B4A-A9949CE14074

Бүгін Жәнібек аудандық кітапханасында тіл мерекесіне байланысты танымдық кеш өтті. Шараға «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Біржан Қуанәлиев, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының, «Надежда» әжелер ансамблінің мүшелері, М.Ықсанов атындағы колледж студенттері, аудан өнерпаздары мен кітапхана ұжымы қатысты.

Ана тілі дегенде, оны ұлықтау орнынан табылған аудан жұртшылығының тілге деген құрметі бөлек. Қаймағы бұзылмаған, ділі мен тілін қызғыштай қорыған әр саланың өкілдеріне қарап осыны аңғарасың. Ауданда кез келген мерекелік кештер, салтанатты жиындар мен ресми жиналыстар тек қана қазақ тілінде өтеді.

D3E06081-EE6C-478E-931C-24CAA85CC507

Алғаш сөз алған Біржан Қайырғалиұлы да осыны тілге тиек етіп, тілдің қоғамнан қымсынбай орын алуына ел болып атсалысу керегін айтты. Ауылдарда неғұрлым тілдің дамуы жоғары деңгейде болса, қалаларда соғұрлым төмен екенін жасырмай айтты. Осы орайда партияның мемлекеттік тілдің абыройы үшін қолға алған жұмыстарын жеткізді. Еңбек ардагері, тіл жанашыры һәм кітапхананың тұрақты оқырманы Қабаш Жүнісов тіліміздің байлығы мен тарихына кеңірек тоқталып, өткенін сараптап, бүгінін тарқатты.

Осылайша, шараның маңызы айқындалып, кезек тіл туралы отты жырлар мен рухты әндерге берілді. Әзірбайжан қызы Тамара Қафарова «Ана тілім – тұғырым» әнін шырқап, «Отаны бірдің – тілегі бір» деген қазақ нақылының маңызын жоймағанын ән арқылы дәлелдеді. Одан өзге кеште жас дарын Фатима Жұмабек, Айлин Биболат өнер көрсетті.

B805416C-4DC6-4244-90AA-4A56187946A7

Қадыр ақын нағыз қазақ деп атаған қара домбыра күмбірлеп, аудан өнерпаздары Жеңісбек Жүсіпов пен Ерданат Серіков «Қазақтарды шет елдік қонақтарға таныстыру» әнін орындады. Жастардың атынан сөз алған Айсұлу Жармұхамбетова «Қазақ тілін іздеу» өлеңін оқып, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Соңында шара қонақтары мен көрермендер кітап көрмесімен танысты.

Әлібек Қаржау

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале