Қатауолла Ашығалиевты 1975 жылы Саратов политехникалық институтын бітіріп, ауданымызда еңбек жолын бастағаннан бері білемін. Чапаев аутокөлік кәсіпорнында инженер, бөлім басшысы, көп ұзамай-ақ директордың орынбасары, директор лауазымына көтерілген оның білгірлігі, үлкен ұжымға еңбек жағдайын жасаудағы ізденісі жайында дүркін-дүркін естіліп жатты. Кейін облыстық аутобасқарма басшысының орынбасары, Орал қалалық атқару комитетінің төрағасы, қала әкімшілігінің басшысы болды. Сосын бұл лауазымынан өз ықтиярымен босап, 1995 жылдан бастап 4 адамнан тұратын шаруа қожалығын құрып, оны республикаға мәлім «Ақас» агрофирмасына айналдырған Қ.Ашығалиевтің ерек еңбекқорлығы, жаңалыққа құмарлығы, бірсөзділігімен қатар елге шынайы жанашыр, қамқоршы болғаны өңір жұртшылығына жақсы мәлім.
«Алғабас» кеңшарында аутогараж меңгерушісі, бас инженер, партия ұйымының хатшысы, сосын Алғабас ауылдық округінің әкімі болған кезімде, Қатақаңмен кездесіп, пікірлескенім көкірегімде сайрап тұр. Есімі алысқа танылған азаматпен әрбір жүздесудің біздің алғабастықтар үшін қуанышы тіпті зор еді.
1999 жылдан облыстық мәслихаттың депутаты болған ол ауданымызда, оның ішінде Алғабаста тұрғындарды толғандырған маңызды мәселелердің орындалуына белсене, мүдделілікпен атсалысты. Айталық, Алғабасқа газ жеткізу бұрын түске де кірмеген шаруа еді. Облыс, аудан басшыларының сөзсіз қолдауымен Қатақаң бұл іске білек түріп кірісті. Жобаның екі нұсқасын жасаттырды. Біріншісі – Атыраудан бермен келетін құбырдан, яғни ауданымыздың Коловертный ауылы тұсынан әкелу (Алғабасқа дейін 36 шақырым); екіншісі – Тасқала ауданы аумағынан бері (56 шақырым) желі тарту. Сондағы айтқаны, біріншісі жақынырақ болғанымен, олқұбырмен әуелде су айдалған, сондықтан қыс маусымында газ Алғабасқа жеткенше тығыздалып қатып қалуы әбден ықтимал. Ал екіншісі – өте сенімді және Орынборда тазартылған газ. Осы нұсқа таңдалды. Депутат бола жүріп, қоғамдық жұмыстардан уақыт тауып, жобалау мекемесінің жетекшісін ілестіріп әкеліп, орталықты айтпағанда, округтің 5 бөлімшесіне де алдағы кезде газ апару жоспарланатыны, демек, желілердегі қысымды нақты, дәл есептеуді тапсырғаны да оның нағыз істің адамы екенін көрсетті. Ауқымды жұмысты жүйелі түрде қадағалауынан өзім көп нәрсе үйрендім. Сонымен, орталық тұрғындары жаңа ғасырды көгілдір отынмен қарсылады. Өз кезегінде бөлімшелер халқы да бұл игілікке қол жеткізді. Ауылдық округімізге таза ауыз су құбырының тартылуына да Қатауолла Мерәліұлы бәйек таппай атсалысты, аяқтай жүрді.
Өңіріміз басшыларымен, салалардың мамандарымен қоян-қолтық бірге қимылдауының нәтижесінде оның Алғабастағы түрлі нысандардың күрделі жөнделуіндегі, бұрын бос тұрған ғимараттың жаңарып-жаңғыртылып, мектеп жанындағы 80 орындық интернатқа айналуындағы қолтаңбасы айшықты. Орал – Атырау күрежолына дейінгі 38 шақырым көтерме жолға асфальт төсеу былтыр басталды. Бәрі де алғабастықтарды көптен алаңдатқан күрмеулі мәселелер еді.
Осылайша онымен бір туған бауырдай болып кеттік. Әлеуметпен дидарласуларда «Байтағымызды ата-бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен, аттың жалында, түйенің қомында жүріп қорғап қалды ғой. Енді біздің мақсатымыз – қолдан келгенше, осы даламызды малға толтырып, халқымыздың әләуқатын көтеруге мемлекетімізге қолғабыс көрсету», – деп, ауыл шаруашылығын өркендетудің жолын ағайынның есіне салып, өз тәжірибесімен бөлісетін. Кейде бір мәселеге байланысты тұрғындардан «Әй, бұл іс мүмкін емес-ау» дегендей сенімсіздік байқала қалса, «Болмайды демеңіздер, үміт үзілмесін, тек ұмтылыс, бірауыздылық керек», – деп жігер беретін. Айтылған ой-толғамдарды қалт жібермейтін. «Мына ұсыныстарыңыз бойынша жұмыстанайын, биыл орындалуына атсалысайын. Ал мына іс келесі жылға қалады», – деп ашық айтып, орамды, ұғынықты сөз саптап, алақанға салғандай түйіндейтін. Оның әуел бастан нарықтық қатынастарға орай өз ісін қалада да дөңгелетуіне болары сөзсіз еді, бірақ ауыл шаруашылығына бет бұруы жайдан-жай емес.
Бөкей ордасының Жиекқұмын мекендеген әкесі Мерәлі, анасы Еркеғаным қарапайым шаруа адамдары болған. Өкінішке қарай, озбыр саясат бұларды да шарпыды. Мерәлінің атасы қажыға барып, мешіт ұстаған. «Қызыл» империя соны желеу етіп, бұларға, туысқандарына шүйлігеді. Ресейге кетіп, бас сауғалаудан өзге амал қалмайды. Мерәлі сол жақта – Саратов облысында мал бағады, атажұртқа 1964 жылы ат басын бұрады. Қатақаң аталған облыста 1948 жылы өмірге келген, орта мектепті Жәнібекте аяқтаған. Балғын шағынан әкесіне көмектесе жүріп, өнбойында қазақы келбет қалыптасқаны шүбәсіз. Яғни киізтуырлықты алаштың перзенті дархан далаға неге құмар болмасын?! Жастайынан қыр төсін сүйгенін, құйрық-жалы таралған сәйгүлікке қызыққанын орайы келгенде тебірене әңгімелейтін.
– О баста шаруа қожалығын құрғанымда, қара жерден басқа ештеңеміз болмады. Ұмтылдық, бір бас түлікті екі еттік, екеуін – төртеу... Бүгінде менен табыс сырын сұраушы көп. Бар құпиямыз – шаруалар өз міндетін біледі, жауапкершілікті толық сезінеді, – дейтін. Абыройлы отағасы, «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерінің иегері, «Онжылдықтың үздік кәсіпкері» республикалық байқауының жеңімпазы (2001 ж.), экономика ғылымдарының кандидаты (2003 ж.). Қ.Ашығалиевтің ауыр қазасы біздің алғабастықтардың да жанына қатты батты.
«Ол нағыз халық қалаулысы, жомарт жүректі жан болды, – дейді ауылымыздың сыйлы ақсақалы Сағынгерей Құбашев, – өз тағдырын туған жұртымен тамырлас деп білетін мұндай азаматтар асыл адамгершіліктің, имандылықтың өшпейтін өнегесі. Қатауол-ланың өмірдегі, еңбектегі ізгі ізі жылдар өткен сайын жарқырай түспек». Басқа ауылдастарымның да тұжырымы осындай. Мұндайда ақиық ақын Мұхтар Шахановтың жырынан мына жолдар еске түседі:
«Төбелер көп, ал биіктер санаулы,
Ұнатады ел сондықтан биікке көп қарауды.
Шымшықтар көп, ал сұңқарлар санаулы,
Санаулы олар, сондықтан жалпы жұртқа қалаулы».
Жарқын келешек үшін еңбектенген, жастардың тәлімгер-ұстазы болған азаматтың есімі, еңбегі, әрине, ешқашан ұмытылмайды. Ел жадында, алғысшыл зердесінде жасайды. Ол адамдардың көңіліне еккен адамдық, имандылық, қайырым жемісі жайқалып көктей береді.
Ержан Қабдоллин,
еңбек ардагері,
Ақжайық ауданы