Кеше Орал қаласында футзалдан өткен «Достар лигасы - 2021» жарысының қысқы маусымы аяқталды. Сырымдық «Тоғанас» шағын футбол командасы осы лиганың жеңімпазы атанды.
«Тоғанас» лига аясында барлығы 7 ойын өткізіп, оның бесеуін жеңіспен аяқтаған. Финалда жарыс басталғалы топтың басын бермей келе жатқан «Трекино» командасымен кездесті. Қос тараптың ойыншылары да соңғы ойынға тыңғылықты дайындалған еді. Жанкүйерлер де қиян-кескі шайқас күткен. Онымен, ысқырық берілісімен ышқынып алға ұмтылған «Тоғанас» қарсыластың қақпасына бағытталған небір жойқын шабуылдар сериясын ұйымдастырып, «Трекиноның» алаңдағы арынын басып тастады. Ойын 4 – 0 есебімен, сырымдық футболшылардың пайдасына аяқталды.
7 ойында 12 гол соққан «Тоғанастың» шабуылшысы Әлібек Дошев «Лиганың сұрмергені» атанды.
- Командамызда 9 ойыншымыз. Аудандық лигада «Құспанкөл» болып ойнап жүрдік. Кейін «Тоғанас» атандық. Арамызда кәсіби спортшы жоқ. Дені – вахталық әдіспен жұмыс жасайтын жігіттер. Дошев Әлібек – мектеп – интернатта тәлімгер, Дәулет Қапашев – газ қазандығының операторы, өзім – ауылда электромонтермын. Бізді біріктірген – спорт пен ауылдың намысы, – дейді командасы жайлы «Тоғанастың» жартылай қорғаушысы Мадияр Қажымұратов.
Бұдан бөлек, Мадияр жеңіске жол салған жартылай қорғаушылар Мерей Ерболатұлы мен Манарбек Ұзақбаевтың, Гимран Сатыбалдиевтің есімдерін атады. Бүгінде «Тоғанастықтарға» басқа лигаларға қатысу жөнінде, тіпті жекелеген ойыншыларға басқа командалардан шақырулар келіп жатыр екен. Қолдау болса, ауылдан шыққан футзал шеберлерінің жарыстардан қалғысы жоқ.
«Тоғанастың» «Достар лигасындағы» ойындарына қатысуына Тоғанастың 1988 жылы туған азаматтары демеушілік көрсетіпті. Ал, олардың алдағы ойындарына қолдаушы табыла ма, табылмай ма, ол белгісіз болып тұр.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz