Сырым аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов Шолақаңқаты ауылдық округіндегі ауыл әкімі Ерлан Журалиевтің тұрғындар алдындағы есеп беру жиынына қатысты.
Жиын алды аудан әкімі В. И. Шубин атындағы мектептің жай-күйімен танысып, сынып бөлмелерін аралады.
Округ әкімі Ерлан Шалбайұлының айтқан деректері бойынша «Ауыл аманаты» жобасына 34 тұрғын қатысып, бүгінгі күнге оның 25-іне 201,5 млн теңге несие берілген. Несие алғандар 105 ірі қара, 556 қой сатып алып, жұмыстанып жатыр.
Тұрғындарды қуантарлық жағдай — биыл Құспанкөл ауылында құны 23,0 млн теңгеге әмбебап спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді.
Ал бүгінде Тоғанас ауылы орталығында құны 345 млн теңге тұратын мәдени-демалыс орталығының құрылысын мердігер «Қаз Строй Сервис» ЖШС жүргізіп жатыр.
Иә ауыл тұрғындары аудандық мәслихаттың депутаты Жасқайрат Кенжебаев, мәдениет саласының ардагері Төлеген Есмұханов, тарихшы ұстаз Ғарифолла Ғабдолов электр жарығының жиі сөнетіндігіне, газ тұрбалары мен қондырғыларды, үйдің ішіндегі электр желілерін қарап, тексеретін маманның жоқтығына, елді мекендердің жолдары нашарлығына наразылықтарын айтты.
Сондай-ақ ауыл азаматтары «Тагра» ЖШС басшысы жол жөндеу барысы жөнінде халықпен кездесіп, есеп берсе деген ұсынба білдірді.
Тіпті ХХІ ғасырда отырып, электр жарығы жиі өшетіндіктен, ауылда қосымша жарық беретін мотор сатып алушылар қатары бой көрсетіп, 50 жылдық тарихы бар мектеп жөндеу күтіп тұрғандығы, аудан орталығынан оқушылардың денсаулығын тексеруге келетін дәрігерлердің ертеңгілік ертелетіп келгендері жөн деп наздарын айтқандар да болды.
Жиында айтылған ұсынбалар бойынша ауыл әкімі Ерлан Журалиев түсінік беріп, жұмыстың оңды шешімін табатындығын айтты.
Аудан орталығынан жиынға қатысқан бөлім басшылары Тимур Айтқалиев, Саламат Иманғалиев көтерілген мәселелерге орай тоқталып, тұрғындарды хабардар етті.
Жиынды аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов қорытындылады.
Соңынан аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Мүсірбек Айташев,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz